Қазақстанда COVID-19 вирусына қарсы вакцина дайындалып жатыр

636
көрілім

Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бірлесіп, COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина әзірлеуге кірісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

- Біздің ұйымдарда жинақталған тәжірибе баршылық. Заманға сай ғылыми база да бар. Өндіріс технологияларын дамытып, сынақтан өткізіп, шетелдік баламалардан тиімділігі кем түспейтін отандық дәрі-дәрмекті әзірлейтін мамандар жұмыс істейді, - деп мәлім етті ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтынан.

Мәселен, қаңтар айының соңында Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары COVID-19 коронавирусын 6 күннің ішінде анықтайтын тест жүйесін ойлап тапқан. Қазақстандық тест жүйесінің тиімділігі мен өткір сезімталдығы ресейлік және қытайлық диагностикалық диагностикумдардан кем еместігі анықталған.

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты» (Жамбыл облысы, Отар кенті) құс пен доңыз тұмауына қарсы вакциналарды жасап шығарған. Құрылғалы 60 жылдың ішінде институт биоқауіпсіздік, биотехнология, вирусология, микробиология және иммунология саласында үлкен тәжірибе жинақтады. Институт ғалымдары дәрі-дәрмектің 60-тан астам түрін, соның ішінде 30 вакцинаны, 16 сынақ жүйесін және 15-тен астам түрлі биологиялық өнімді жасап шығарды. Бұл институтта вирустардың генетикалық кітапханасының бірегей дерекқоры бар.

Вакциналарды дамыту бағдарламасы аясында биотехнологиялық және гендік инженерияның алдыңғы қатарлы әдістерін қолдана отырып, 5 кандидаттық вакцина жасалады. Ұқсас технологияларды вакциналар жасау саласында әлемдік көшбасшылар қолданады. Кандидаттық вакциналардың бес түрінің ішінен клиникалық зерттеулерді жүргізуге арналған ең тиімді және технологиялық тұрғыда жетілдірілген вакцина таңдап алынады.

- Әлемнің көптеген елі өздерінің вакциналарын әзірлеп шығарғанын жариялады. Алайда мұның бәрі клиникалық зерттеуді қажет етіп, жұмыс бір жылдан кейін аяқталады. Вакцинаны қабылдағанға дейін COVID-19 вирусының таралуының алдын алу қажет. Әйтсе де бұл тек мемлекет қабылдаған шараларға ғана емес, сонымен бірге әр адамға да байланысты. Сондықтан барлық алдын-алу шарасын сақтау қажет, - деп толықтырды ғылыми-зерттеу институтынан. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда институт басшыларына хабарласуға болады:

Раманқұлов Ерлан Мирхайдарұлы +77770111525 (Нұр-Сұлтан қаласы)

Зәкәрия Күнсұлу Дальтонқызы +77015364781 (Жамбыл облысы Отар кенті).