Діни ғұрып бойынша ғана некесін қиып, ресми түрде тіркеуге тұрмаған қазақстандықтар жазалануы мүмкін. Осы күзде Мәжіліске қаралымға берілетін заң жобасына осындай нормалар енгізілмек, — деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев үкімет отырысының үзілісінде діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң жобасы жыл соңына дейін қабылдануы керек екенін мәлімдеді. Заңдағы нормалардың бірі некеге тұруға қатысты екен.
— Қазір діни ғұрып бойынша неке қиып, АХАЖ-ға тіркеуге тұрмайтындар бар. Бұл заң жүзінде дұрыс емес. Мұның жолын кесу үшін заңға толықтыру енгізіледі. Яғни ресми түрде тіркеуге тұрмағандардың жазасы қатаңдатылуы мүмкін, — деді министр.