Бүгін Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен өткен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында допингтік препараттарды қолдану мен таратуға жазаны күшейту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жараспаевтың атап өтуінше, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
— Құжатта қылмыстық жауапкершілік ескерілген. Оның мерзімі мен жазалау шаралары тұжырымдаманы әзірлеу кезінде нақтыланады, — деді ол.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевтің сөзіне қарағанда, бүгінде ҚР заңнамасында допингке қатысты айлалы әрекеттерге жазаны қатаңдатуды бекіту қажеттігі бар.
— Әлемдік спорттық сахнада жоғары нәтижелерге жету мақсатында допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша еліміз заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет, — деді ол.
Жауапты хатшының атап өтуінше, допингке қарсы ережелердің бұзылу фактісі анықталған жағдайда, жауапкершілікке спортшылармен қатар, бапкерлер мен дәрігерлер және өзге де мамандар тартылады.