Қазақстанда әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақ тағамтану академиясының нутрициолог маманы А.Чуенбекова мен Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы А.Иманалина баяндады. «Қазақтың жаңа табағы» ұранымен дұрыс тамақтануды насихаттаушылар отандастарымызды майсыз етті тұтынуға, қорегіміздің құрамындағы қант мөлшерін шектеуге шақырып, көкөністер мен жеміс-жидектердің үлесін арттыруға үндеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Елімізде салауатты өмір салты орталығының 1998 жылдан бастап, әр үш жыл сайын жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, адамдардың басым бөлігі күніне екі рет ыстық тамақ тұтынбайды. Ал, 12 пайызы үш рет ас ішетінін айтса, 9 пайызы бар болғаны бір тәулікте бір рет қана қоректенеді. Тұрғындардың жартысына жуығы күнделікті асының 400 грамы жеміс-жидек болуы тиіс екенін білмейтін болып шықты. Сауалнамаға қатысқандардың көбісі тиісті мөлшерде ет өнімдерін пайдаланбайды екен.
Дәрігерлердің айтуынша, қазақстандықтар жейтін асына аса мән бермейді. Ал, ауырған кезде күнделікті жарнама беттерінен түспейтін ең жаңа препараттарды іздейді.
— Балалар арасында фастфуд өнімдерін тұтыну белең алып барады. Зерттеулерге сүйенсек, жасөспірімдердің 13,7 пайызы күніне бір рет фастфудты азық етеді. Сонымен қатар, ұйқыға жатарда тамақтану, дене белсенділігінің аздығы, қимылдың жоқтығы жүрек қан тамырлары ауруларына, семіздікке тағы басқа да көптеген аурулардың асқынуларына әкеліп соғуда. Ал, тиімді тамақтану кейбір созылмалы аурулары бар адамдардың денсаулығын жақсартуға негіз болады», — дейді Айгүл Жақыпқызы.
Қазақ тағамтану академиясының 2012 жылы жүргізген зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, Қазақстан халқының жартысынан астамы артық салмаққа және семіздікке шалдыққан.
— 1 және 14 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді. Бұл – тұрғындардың 21,5 пайызы. Бұлардың жартысы семіздікке шалдыққан», — дейді Ардақ Байбараққызы.
Спикерлердің айтуынша, саумалда адам денсаулығын жақсартуға қажетті барлық заттар бар. Әсіресе А және С дәрумендері көп. Сонымен қатар В1, В2, В12, РР, Д, Е дәрімендері мен фоли қышқылы, биотин және басқа да ағзаға қажеттіліктер жеткілікті. Бір литр саумалда 85-тен 140 граммға дейін қышқыл, 70 грамға дейін каротин кездеседі. Салыстырмалы түрде алғанда, сиыр сүтінен бірнеше есе пайдалы. Дәрумендерден бөлек саумал антибактериялық ферменттерге бай. Микроэлементтер (калций, магний, фосфор, марганец, мыс, кобальт, т.б.) зат алмасулар жүйесіне көмектеседі, сүйек пен бұлшықеттер қаңқаларының қалыптасуына оң әсер етеді. Ал, қымыз адам иммунитетін жоғарылады. Ағзаның қорғаныш қабылетін арттырады. Кымыз жетіспейтін асқазан қышқылын да алмастыра алады. Қымыз қышқылы қанға оң әсер етеді. Гемоглобин құрамын күшейтеді. Обыр дертін тежеуге қауқарлы қымызды жүректің созылмалы ишемиялық ауруына шалдыққан науқастарға да ұсынуға болады.