Қазақстанда электрондық сауда жасайтындар саны 1,5 млн адамға артқан. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
- Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен Электрондық сауданы дамытудың Жол картасы шеңберінде негізгі іс-шараларды жүзеге асыру басталған уақыттан бері оң үрдіс байқалады. Ресми статистика деректері бойынша, 2017 жылы ҚР электрондық сауда нарығының көлемі 107 млрд теңгені құрады. Бұл бөлшек тауар айналымы жалпы көлемінің 1,2%-на тең. Жедел деректер бойынша, 2018 жылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығының көлемі 101 млрд теңгені немесе бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінің 2,9 %-ын құрады, 2 есе өсім байқалды», - деді Сүлейменов.
Министр 2018 жылдың басынан 110 жаңа электрондық сауда субъектілері тіркелгенін атап өтті. Сонадай-ақ нарықта 1700 интернет-дүкен жұмыс жасайды және сатып алушылар саны 1,5 млн адамға дейін өскен.
-Электрондық саудамен байланысты салаларды да қоса алғанда, аталған салада жұмыс жасаушылардың өсімі 37 мың адамды құрады. Жеткізілген тауар көлемі бойынша нарық 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 7 млн данадан 12 млн данаға дейін, яғни 58 %-ға өсті. Қабылданған жаңа Салық кодексі шеңберінде «интернет-дүкен», «интернет-алаң», «тауарлармен электрондық сауда» терминдері анықталды,- деді ол.