Даму институттары бірқатар жаңа ипотекалық құралдарды іске қосу арқылы тұрғын үй нарығындағы қарқынды өсімді қамтамасыз етті. 2017 жылдың 9 айында Қазақстанда пәтер сатып алу бойынша 177 мың мәміле жасалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 28 пайызға жоғары, деп хабарлады ҚазАқпарат ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғын үй секторын қаржыландыру табыс деңгейі жоғары емес халықтың тарапынан төлем қабілеті сұранысының күрт өсуіне түрткі болды.
Бұған қоса, өсім Қазақстанның барлық өңірлерінде бірдей байқалады. Әсіресе, Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан облыстарының көрсеткіші тым жоғары. Бұл өңірлердегі тұрғын үй сатып алу мәмілелерінің бір жылдағы саны 56 және 44 пайызға артып отыр.
Нарықтың жандануындағы басты фактор — ұзақ мерзімді кезеңге арналған тұрғын үй сатып алу мүмкіншіліктерінің кеңеюі.
Облыс әкімдіктері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспанасы жоқ азаматтарға жеңілдікпен несиеге пәтер сатып алу жолын ұсынды. Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында мұндай пәтердің бір шаршы метрі 180 мың теңгені құрайды. Сонда аумағы 35 шаршы метрді құрайтын 1 бөлмелі пәтердің құны 6,3 млн теңге болмақ.
Ал еліміздің басқа өңірлерінде мұндай пәтерлердің 1 шаршы метрі 140 мың теңгеден айналады. Сыйақысының жылдық тиімді мөлшерлемесі 5,2 пайыз. Дегенмен, аталған займды рәсімдеу үшін пәтердің жалпы құнының 30 пайыз мөлшеріндегі сомасын жинақтау қажет.