Үкімет кальян айналымына толық тыйым салу үшін заңнамаға тағы өзгеріс енгізгелі жатыр. Бұл жайлы үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттарға берген жауабында жазылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
18 мың адам ұсталған
Дүйсенованың сөзінше, қазір Қазақстанда темекі өнімдерін, оның ішінде кальянға арналған темекі мен кальян қоспаларын сату мен тұтынуды реттейтін нормативтік база бар. Яғни, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте қоғамдық орындарда, оның ішінде қоғамдық тамақтану пункттерінде темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салынған. Оны ІІІМ бақылайды.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша жоғарыда көрсетілген тыйымдарды орындамаумен байланысты 18 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, шамамен 700 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген зертханалық зерттеулер кальян сұйықтығында өкпенің қабынуын тудыратын, сонымен қатар емделуі қиын аспергилл грибогы, ашытқы, аса қауіпті бактериялардың (көгілдір таяқша, алтын түстес стафилококк) жиналатынын растайды», - делінген жауапта.
Кальянның зияны жайлы
Хош иісті жеміс-жидек қоспалары жоғары температуралы химиялық реакциялар кезінде қант көзі бола отырып, кальянды қыздыру өкпе тінін зақымдайтын канцерогендер мен ұшпа альдегидтердің түзілуіне қатысады. Кальян шегушілерінде жоғары уыттылықтың салдарынан өкпе обырының пайда болу қаупі екі есе артады. Кальянның орташа дозасын шеккеннен кейін несептегі никотин деңгейі 73 есе, котинин 4 есе, өкпе мен ұйқы безінің қатерлі ісігін тудыруы мүмкін темекі нитрозаминдері 2 есе артады. Бензол мен акролеиннің ыдырау өнімдерінің мөлшері өседі.
«Бұл ретте Денсаулық сақтау биыл реттеушілік әсерге талдау жүргізуді жоспарлап отыр, оның нәтижелері бойынша кальянның, кальянға арналған темекі мен кальян қоспаларының айналымына толық тыйым салуды заңнамалық енгізу мәселесі қаралатын болады», - делінген жауапта.
Қалқан болған мараторий
Еске сала кетейік, бұған дейін депутаттар кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тиым болғанымен, бұл норма орындалмай отырғанын айтқан еді. Өйткені, үш жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мараторий болған.