Қазақстанда қанша бала қараусыз қалып, абайсызда ажал құшты

530
көрілім

Биыл 118 бала жол апатынан көз жұмса, 123 бала суға батып кеткен. 108 бала өзіне қол жұмсап қайтыс болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.


Балалар мен жасөспірімдердің жарақаттануына және қазасына әкеп соқтыратын әртүрлі төтенше жағдайларға көбінде ересектердің немқұрайдылығы мен жауапсыздығы себеп болады.

20 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Средигорное ауылында 2 жасар бала жоғалып кетті. Үш күннен кейін баланың денесі ауладағы құдықтан табылды. 26 тамыз күні Ақтөбе облысының Бадамша ауылында жергілікті тұрғындар өзенге батып кеткен 4 жасар баланың денесін алып шықты. Жалпы, жыл басынан бері су айдындарында 123 бала суға батып, 119 бала құтқарылған.

Сондай-ақ, биыл 118 бала жол апатынан қаза тауып, 2 275 бала жарақат алды.

«Жол-көлік оқиғасында зардап шекпес үшін жол жүру ережелерін балалардың есіне салып, оларды жолда және қоғамдық көлікте барынша сақ болуға үйретіңіз. Автокөлікпен жүргенде балалар үшін қауіпсіздік белбеуі және балалар креслосы туралы ұмытпаңыз. Оның үстіне жаңа оқу жылының басталуымен жол-көлік оқиғаларының туындау қаупі айтарлықтай артады. Жолда жүру дағдыларын қалыптастырудың негізгі тәсілі – қадағалау жасау, үлкендердің өздері жол ережесін сақтап үлгі болуы керек» дейді ІІМ баспасөз қызметі.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды балаларын үйде жалғыз қалдырмауға шақырады. Күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында 4-қабаттың терезесіндегі тормен ойнап отырған 8 жасар қыз бен сіңлісі құлап кетіп, ауыр халде ауруханаға жатқызылды.

Сонымен қатар, биыл 312 жасөспірім өзіне қол жұмсап, оның 108-і өліммен аяқталды. Одан бөлек, тұрғын үй секторындағы өрт кезінде 16 бала қаза болған.

«Балалардың түнгі уақытта ересектердің қадағалауынсыз көшеде жүруіне жол бермеңіз. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілінсіз жүргені үшін биыл 40 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балалардың бос уақытын қатаң бақылау керектігін ұмытпаңыз» деп кеңес береді министрлік.