Қазақстанда кедейшілік 13 есеге төмендеген. Бұл туралы Global Challenges Summit 2018 форумында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
- Қазақстан белсенді әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда. Бұл бағытта кедейшілік 13 есеге төмендетілді, яғни 40 пайыздан 3 пайызға дейін. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан төмен, - деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы биыл Қазақстанда Бес жаңа әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру жұмыстары қолға алынғанын еске салып өтті.
- Бұл бастамалар қолжетімді баспанамен, сапалы жоғары біліммен қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, салық салудағы әділдікке, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған. Осы қадамдар ел тұрғындарының әл-ауқатын тұрақты дамытуға әрі жақсартуға ықпал етеді, - деді Елбасы.