Қазақстанда коронавирус күдігімен 80 адам ауруханаға жатқызылған

398
көрілім

Қытаймен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда. 2020 жылдың 6 қаңтарынан 2 ақпан аралығында елімізге 27 мың 448 адам келген, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық-карантиндік пунктілерінің мамандары Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда - 20 мың 613 адамды, теміржол вокзалдарында – 399 жолаушыны тексерді.

- ЖРВИ белгілерімен 80 адам көпшіліктен оқшау ауруханаға жатқызылды, оның 39-ы жазылып шықты. Қазір стационарларда 41 адам қалды. Ауруханаға жатқызылғандардың барлығының сынамасы қосымша бақылау үшін Алматыдағы Айқымбаев атындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесін игерген, - делінген хабарламада.

Республикада терапия үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар, жұқпалы ауруханаларды оқшаулауға арналған бокстар, арнайы дәрігерлік және орта медициналық персонал дайындалған.

Айта кету керек, бұл жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.

Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасынан оқи аласыз және кез келген сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.