Қазақстанда көппәтерлі үйлердің меншік иелері үшін жер салығын жою және жеке тұлғалардан алынатын мүлік және жер салығын бір салыққа біріктіру ұсынылуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Қазақстанда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасы шеңберінде көппәтерлі үйлердің меншік иелері үшін жер салығын жою және жеке тұлғалардан алынатын мүлік және жер салығын бір салыққа біріктіру ұсынылуда.
Ведомствоның хабарлауынша, жаңалықтың негізгі мақсаты – жеке тұлғалардың мүлік пен жер салығын төлеуін жеңілдету.
"Заң шығарушылар жеке тұлғалардың мүлік және жер салығын салық салу нысаны, салық базасы, мөлшерлеме, есептеу және төлеу секілді салық элементтерін өзгертпей, біріктіруді ұсынып отыр. Екі салық бір төлеммен алынады. Мөлшерлеме бұрынғыдай, ештеңе қымбаттамайды, тек салық төлеу тәсілі қолайлырақ болмақ. Осы күнге дейін екі түрлі салық, түрлі есептеу әдістемесі, екі түбіртек салық төлеушіге қолайсыздық тудырып келді", - делінген ведомство хабарламасында.
Ал көппәтерлі тұрғын үйдің меншік иелеріне салынатын жер салығын мүлде жою көзделуде. Өйткені болмашы салық үшін нысанның көптігі мен есептеудің қиындығы себепті әкімшілендіруге көп шығын кетеді.
Қазіргі уақытта құжат мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өткізілуде. Биыл күзде оны Парламентке енгізу жоспарлануда.
Құжаттың мәтіні министрліктің ресми сайтында және нормативтік құқықтық актілердің ашық порталында жарияланды.
Нормаларды енгізудің жоспарланған мерзімі – 2020 жыл.