ҚР Ішкі істер министрлігі жол қозғалысын реттейтін полиция қызметкерлеріне ала таяқты қайтаруға бастамашылық жасады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Азаматтардың келіп түскен өтініштеріне байланысты және жол қозғалысына қатысушылардың реттеуші полицейдің әрекеттерін қабылдауын жақсарту, әсіресе қараңғы және түнгі уақыттарда, сондай-ақ жол қозғалысын реттеуші полицейді қағып кету оқиғаларының алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігі патрульдік полиция қызметкерлерінің ала таяқты (жезл) пайдалану тәжірибесіне қайта оралуды ұсынады, – делінген аталған ведомство таратқан ақпаратта.
Бұл ретте министрлік ала таяқтарды тек қана жол қозғалысын реттеуді жүзеге асыру үшін пайдалануды ұсынып отыр. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғалары мен кептелістер кезінде көлік құралдарын бұру үшін, бағдаршамдардың ақаулығы немесе болмауы, ауа райының нашарлауы және автожолдарда нашар көріну және басқа да қажетті жағдайларда ғана ала таяқты қолдануға болады деп санайды. Ал көлікті тоқтату үшін ала таяқты пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салу қажет деп есептейді.