Қазақстанда прокуратура органдары бизнесті мүлдем тексермейтін болады. Бұл туралы бүгін «Атамекен» ҰКП-ның IV съезі барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
– Тексеру нәтижесіне сәйкес, бақылау-қадағалау қызметі қысқару үстінде. Жеті жылдың ішінде тексерулер 5 есеге азайды. Прокуратура туралы жаңа заңға сәйкес, бизнесті тексеруден мүлдем бас тартпақпыз. Олар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ерекше жағдайлар болғанда ғана жүргізіледі, – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, соңғы 18 жыл бойы тексерулерді прокуратура органдары тіркеп келеді. Қазіргі уақытта тіркеу тәуекелдерді бағдарлауға арналған ІТ жүйеге көшірілуде.
– «Қамқор» деп аталатын мобильді қосымшаны іске қостық. Кәсіпкердің ұялы телефонына барлық мәліметтермен бірге тексеру туралы СМС хаттама келіп түседі. Барлығына қолжетімді тексеру картасы бар. Онда кімнің көп бұзушылыққа барғаны көрсетіліп тұрады, – деп атап өтті Ахметжанов.