Қазақстанда Ұлттық дәрілік формуляр құрылды

503
көрілім

Ағымдағы жылдың мамыр айында электрондық қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр енгізілді. Бұл — дәрілік заттар мен бағалары туралы ақпараттан тұратын, дәлелді клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігі бар дәрілік заттардың тізімі. Ең бастысы, ол барлық дәрігерлер мен науқастар үшін де еркін қолжетімділікте.

Қазақстанның ұлттық дәрі-дәрмек формуляры (ҚҰФ) медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге арналған электронды анықтамалық құрал болып табылады. Онымен жұмыс істеу үшін барлық мүдделі тұлғалар www.knf.kz сайтында тіркеледі. Мұнда ақпарат екі тілде берілген.

Жалпы осы формуляр емдеу нәтижелерін жақсарту және денсаулық сақтау қызметкерлеріне дәрілік препараттар туралы дұрыс ақпарат беру үшін әзірленіп отыр. Ол Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының формуляры базасында құрылған және оған дәлелдік базасы бар дәрі-дәрмектер бойынша ақпараттар кіреді. Яғни, бұл препараттар зерделенген және тиісті көрсеткіштері бойынша бүкіл әлемде қолданылуда..

Аталған сайттың іздестіру жүйесі көмегі арқылы кез-келген қолданушы дәрілік препаратқа бекітілген атауынан, қолдану тәсілі және дозасынан, қауіпсіздік шараларынан, қарсы көрсеткіштерінен, басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі, бауыр және бүйрек жеткіліксіздігі кезіндегі қолдану тәсілінен, жүктілік және бала емізу кезінде препаратты қолдану жөніндегі ескертпелерден, сонымен бірге жанама әсерлерінен тұратын монография таба алады.