Биылғы екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 442,8 мыңнан 441,8 мың адамға азайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мұндай тұжырымдарды Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (бұдан әрі ЕРДО) сарапшылары ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ақпаратын талдау нәтижесінде жасады. Сарапшылардың пікірінше, халық санының көптігіне байланысты жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі еліміздің оңтүстік өңірлерінде тіркелген.
«Жұмыспен қамтудың жоғары үлесіне қарамастан Алматыда жұмыссыз азаматтардың саны 50,3 мың, Алматы облысында – 48 мың, Түркістан облысында – 42,1 мың адамды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздар санының теріс өсу динамикасы Маңғыстау облысында - 12,7%, Атырау облысында - 6,5%, Нұр-Сұлтанда - 5,7% байқалды», – деді ЕРДО еңбек нарығын талдау департаментінің директоры Жақсылық Конанов.
Оның айтуынша, жас ерекшеліктері тұрғысынан жұмыссыз адамдардың ең көп саны – 25-35 жасқа дейінгі аралықта байқалуда – 38,5% (169,9 мың адам), ең азы – 65-тен жоғары санатта – 0,6% (2,5 мың).
«Жұмыссыздардың басым бөлігінде орта кәсіптік (41,4%) немесе жоғары білімі (33%) бар және өткен жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда олардың саны 10,3% және 17,3% артқан. Оның негізгі себебі түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігінің жоқтығы – 24,8% (93,5 мың адамның жұмыс табуға мүмкіндігі жоқ, 14,3 мың адам оқудан кейін жұмыссыз) және мамандардың тұрақтамауы – 35,5% (өз еркімен жұмыстан кету – 116,8 мың, еңбек келісімшарттың мерзімі аяқталуына орай жұмыстан босатылу – 37,5 мың)», – деді Конанов.
Оның айтуынша, мамандар тұрақтамауының бірден-бір себебі – өңір мен экономиканың саласына байланысты еңбекақының бірдей болмауы.