Қазақстандағы ең бірінші болып азан шақырылатын мешіт ШҚО-да

566
көрілім

Қатонқарағайдағы Рахман қайнары демалыс кешенінің кіре берісінде «Әл-Құддыс» атты қос мұнаралы шағын ғана мешіт орын тепкен. Күмбезі қас батырдың дулығасы іспетті, қос мұнарасы хан сарайының кіре берісіндегі күзетшілердің үкілі найзасындай, қызыл кірпіштен өрілген қабырғасы алты қанатты киіз үйдің керегесіндей сәулетті. Сән-салтанаты келіскен мешіт еліміздің қиыр шығысында орналасқандықтан, бұл құтханада намаз уақыттары ерте кіреді. Сол себепті де Әл-Құддыс мешітінде әрбір күні Қазақстанда алғаш болып Алланың аты айтылып, азан шақырылады. Әрі теңіз деңгейінен 1780 метр жоғарыда орналасқандықтан, еліміз бойынша ең биікте орын тепкен мешіт саналады.

Қызықтың да қызығы болады демекші мешіттің салыну тарихы да тым қызық. Осыдан он бір жыл бұрын Берел жақтан кенеттен тілсіз жау – өрт шығады. Лаулаған өрт лезде Өр Алтайды қып-қызыл отқа орайды. Орманшылары бар, өрт сөндірушілері бар төменнен де, төбеден де су бүркігенімен, одан еш қайран болмайды. Тілсіз жау ауыздықталмай, неше жүз жылғы балқарағай мен самырсындардың жапырағын өрт шалып, қарияның сүйенетін қу таяғындай жалаң ағашқа айналып шыға келеді. Өрт толастамай қалың елді қатты әбігерге салады. Жан-жақты жалмап бара жатқан қызыл от енді Тәңірдің тартуы – Рахман қайнарына қарай бет алады. Осы кезде орманшы болып жұмыс істейтін мұсылман бір жігіт дереу үйіне барып, Жаббар Хаққа жалбарынып, бір өгізді құрбандыққа шалып, тасаттық жасайды. Іле-шала Тәңір-Тағаланың таңғажайыбы орын алады. Қас-қағым сәтте көкті қазбауыр бұлттар торлап, жауын сіркірей бастайды. Бірте-бірте қою қара бұлтқа айналып, жаңбыр төпелеп нөсерлейді. Жауын ара-сыра демін алып, екі күн нөсерлеп, қызыл өртті ада-күде өшіреді.

Өрт орын алған шақта жанын қоярға жер таппаған Рахман қайнары демалыс орнының иесі А.М.Балушкин орманшы жігіт тасаттық жасағаннан кейін барып тілсіз жаудың тыңшығанын жұрттан естіп біледі. Бұл оқиға қатты әсер етіп, ол Алла-Тағалаға шүкіршілік ретінде «Әл-Құддыс» мешітін тұрғызуға шешім қабылдайды. Оның бұл ізгі бастамасына Катонның ығай-сығайлары қолдау көрсетеді. Осылайша Қазақстанда ең биікте орналасқан және әрбір күні ең алғаш азан шақырылатын Әл-Құддыс мешіті бой көтереді. Мешіт ресми түрде 2013 жылы пайдалануға берілген.

Мұхан Исахан. дінтанушы, Ph.D доктор. Ғұламалар кеңесінің мүшесі.