Қазақстандық боксшы Париж Олимпиадасына жолдама иеленді

466
көрілім
Фотосурет Olympic.kz сайтынан

Отандасымыз Мұхаммедсабыр Базарбайұлының Тайландтағы нәтижесінен соң ел құрамасы төртжылдықтың басты бәсекесіне толық құраммен баратын болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

63,5 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға беттеген спортшы оған дейін бірқатар маңызды жекпе-жекте жеңіске жетіп, бапкерлер сенімін иеленген еді. Күні кеше Тайланд астанасы Бангкокте өз мүмкіндігін байқап, сол салмақта сарапқа салынған бес жолдаманың біріне таласты.
Оның төртеуі жартылай финалға шыққан боксшыларға бұйырды. Бұл ретте қазақстандық спортшы жартылай финалға шыға алмай, жолдамаға иелік ету үшін тағы екі жекпе-жекте жеңіске жетуі керек болды.
Бірінші кездесуде Базарбайұлы колумбиялық Хосе Мануэль Вифараға қарсы шықты. Алғашқы раундты Мұхаммедсабыр өз еншісіне жазса, келесі раунд қарсыласқа берілді. Ал үшінші раундта жекпе-жек тағдыры шешіліп, төрешілердің пікірі екіге бөлінді. Нәтижесінде, қазақстандық боксшы келесі кезеңге өтті.
Ал Олимпиада квотасы үшін өткен кездесуде ол молдовалық Александр Парасчивті 5:0 есебімен жеңіп, ел құрамасына алтыншы жолдаманы әперді.
Осылайша, Мырзағали Айтжанов шәкірттері Франциядағы аламанда барлық салмақта өнер көрсетеді.