Қазақстандық спортшылар Олимпиадада алған жүлделерін қайтарып жатыр

458
көрілім

Кеңейтілген допинг тексеруден соң жүлдеден қағылған қазақстандық спортшылар Олимпиада медалін қайтара бастады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.


Жақында қазақстандық ауыр атлеттер Светлана Подобедова мен Ирина Некрасова Олимпиада ойындарында иеленген жүлделерін қайтарды. Светлана Лондон Олимпиадасының алтынын, Ирина Бейжің Олимпиадасының күмісін қайта тапсырды. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Олимпиадалық хартия ережелерін ұстанып, әлемдік спорттағы Қазақстан құрамасының беделін сақтау мақсатында спортшылармен әңгіме жүргізді. Атлеттер түсіністік танытып, төртжылдық додасында иеленген медальдарын қайтарды.


Айта кетелік, 2016 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің Тәртіптік комиссиясы (ХОК) мен Спорттық арбитражды сот (CAS) қазақстандық жеті ауыр атлет пен екі балуанның XXIX және XXX Олимпиада ойындарында жеңіп алған (Бейжің-2008, Лондон-2012) медальдарын жоққа шығарып, олардың допингке қарсы ережені бұзғандарын жария етті. Шешімге сәйкес атлеттер жарыстан шеттетіліп, нәтижелері жоққа шығарылды және медальдарды қайтаруға міндеттелді.


Жақын арада қайтарылған медальдар Халықаралық Олимпиада комитетіне жолданады. Жүлдесін әлі күнге дейін қайтармаған спортшылармен келіссөз жүргізуді ҰОК одан әрі жалғастырмақ.