Қазақстандықтар шетелден гөрі ел ішінде көбірек саяхаттай бастаған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Бұл жайлы Алматыда туристік сала мамандарының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде айтылды.
Сарапшылардың айтуынша, бұған экономикалық жағдай ықпал етіп отыр. Aviata.kz компаниясының басшысы Алексей Ли 2017 жылы ішкі туризм трафигі сыртқы туризмнен асып тұрғанын жеткізді.
— Бұл теңге курсының долларға шаққандағы бағамына байланысты болып тұр. Шетелде демалу бұрынғыдан қымбат түседі. Адамдар ел ішінде көбірек саяхаттай бастағанын байқап отырмыз. Осындай статистикаға ЭКСПО-ның өтіп жатқаны да әсер етсе керек, — деді Алексей Ли.
Aviata.kz өкілі Астанаға барушылардың саны тек маусымда күрт өскенін айтты. Арзан билеттер таусылған соң Астанаға баратындар қатары азайып қалды.
Ал Туристік ақпараттық орталығы Әсел Нұркебаеваның айтуынша, қазір Алакөл пансионаттарында демалушыларға орын жоқ екенін айтты. Бурабайда да барлық қонақ үйлер 100 пайызға толы.
— Түркияда бір апта демалу үшін адам басына 1000 доллар, 330 мың теңге кетеді. Ал Бурабайда 2 адамға 5 күн бойы демалуға осы сома кетеді. Оған бесжұлдызды қонақ үй, үш мезгіл тамақ кіреді. Қазақстанда ішкі туризмде ақша жасай алатын 10-15 компания бар, — деді Әсел Нұркебаева.
Қазақстан туристік қауымдастығы басшысы Рашида Шайкенова қазақстандықтардың шетелге шығуды азайтуының бірнеше себебін атады.
— Ішкі туризм дамып келеді. Адамдар өткен жылдары шетелді көріп аралап тастады. Бірақ, өз елінде көп жерді көрмегендер бар. Сөз жоқ, қаржылық фактор да әсер етеді. Адамдар, мәселен Алакөлге жету үшін барлығына шыдауға бар. Өйткені, бұл анағұрлым арзан әрі көлдің суы керемет шипалы, — деді Рашида Шайкенова.