Қазақстанда азаматтардың жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, көліктің техпаспорты сынды жеке құжаттары цифрландырылып, оларды өзімен бірге алып жүрудің қажеті болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің басшысы Бағдат Мусин Фейсбуктегі парақшасында жазғандай, бүгін Астанада цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес аясында өткен көрмеде аталмыш Комитет өкілдері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Азамат» жаңа жобасын таныстырды. Жоба күнделікті қолданыстағы құжаттарды цифрландыруды көздейді.
«Естеріңізде болса, сәуір айында смартфон бірқатар құжатты алмастыра алатындығын және бюджеттің үнемделген қаражатына әрбір азаматты смартфонмен қамтамасыз етуге болатынын жазған едім. Техникалық тұрғыда біз бүгіннің өзінде бірқатар құжаттан бас тартып, оларды үнемі өзімізбен бірге алып жүру қажеттігінен арыла аламыз. Құжаттардан «Азамат» қосымшасының арқасында бас тарта аламыз. Ол азаматтарға жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, машинаға техникалық паспорт, техникалық байқаудан өткендігі туралы құжат, сақтандыру полисі сынды құжаттардың цифрландырылған нұсқаларын алуға мүмкіндік береді», — деп жазды ол.
Мәлім етілгендей, барлық ақпарат шифрланған графикалық түрде (QR-код) болады. Оны оқитын құрал адам туралы барлық қажетті мәліметті ала алады.
«Азаматтар және билік өкілдері тарапынан цифрлық құжаттарға сенімді барынша арттыру мақсатында командамыз блокчейн технологияларының артықшылықтарын пайдалану бойынша жұмыстарға кірісіп кетті», — деді Мусин.
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет басшысының атап өтуінше, «Азамат» қосымшасы алдағы жақын уақытта іске қосылады. Бірақ көпшілік қолданысқа енгізу және қағаз құжаттарды алмастыру үшін заңнамалық негізде белгілі бір өзгерістер енгізу қажет.