«Қазгидромет» ШҚО филиалының басшысы Ляззат Болатқанның айтуынша, ірілі-ұсақты өзен-көлдер де күн жылынса қауіп келтіруі мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазіргі уақытта облыс аумағындағы 50 гидрологиялық бекетте күнделікті мониторинг жүргізіліп отырады. Ляззат Сарқытханқызының сөзінше, аймақтағы гидрометеорологиялық жағдай тұрақсыз. Температураның бірден жылынып, жаңбыр жаууына байланысты қардың қарқынды еруі жалғасып жатыр. Филиал өкілдері бұған дейін жауын-шашын мөлшерінің, қардағы су қорының, топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіштерінің мөлшерден артық екенін айтып өткен.
– Осы себепті, Шығыс Қазақстан облысы су тасқынының жоғары қауіпі болуы мүмкін аймаққа енді. Бүгінде өңір аумағында қар жамылғысында ең көп су қоры – Марқакөл ауданында – 432 мм. Әрі қарай Алтай ауданында – 202 мм, Глубокое ауданында 138 мм-ге жетіп отыр. Биыл топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсекіштері Алтай және Самар аудандарында көп жылдық мөлшерден артық деп айтылған. Биік таулы өңірлерде биыл көпжылдық орташа мөлшерден 1,5-2 есеге жуық көп мөлшерде қар түсті, – деді филиал басшысы.
Осыдан барып ауыл шетіндегі өзендердің деңгейі көтеріліп, еріген қар суы кей елдімекендердің ауласына кіруі мүмкін. «Қазгидромет» РМК облыс бойынша филиалы басшылығы өзендер арнасынан аспағанын жеткізді.
– Қазір Бұқтырма өзені бойынша Берел мен Барлық ауылдары маңында мұз қабаты ашылды. Бұқтырма өзені облыстың үш ауданын басып өтеді. Атап айтсақ, Катонқарағай, Үлкен Нарын және Алтай аудандары, – деді Ләззат Болатқан.
Филиал басшысы жергілікті атқарушы органдар ірілі-ұсақтар өзен-көлдерге мән берулері керектігін жеткізді. Температура жылынып, жаңбыр тоқтаусыз жауса, елдімекендерге шындап қатер туғызуы ғажап емес. Ал ауа райы болжамына қатысты ақпарат мынадай:
– 8-ші сәуірде күн ашық. Түнде 5 градусқа дейін жылылықты көрсетеді. Бұл уақытта Марқакөл, Алтай аудандарында күндіз +15 градусқа дейін жылынуы күтіледі.
– 9-11 сәуір аралығындағы болжамға сүйенсек, өңірдің басым бөлігінде жаңбыр жауады. Катонқарағай, Күршім, Марқакөл аудандарында (облыстың солтүстік бөлігі) жауын-шашын болуы ықтимал.
– 12 сәуірде облыстың шығыс бөлігінде күн құбылмалы, таулы аймақтарда жаңбыр күтіледі. Күндіз +3+5 градусты көрсетіп, Марқакөл ауданында 0 градусқа дейін төмендейді. Бұл күні біршама ауданда қар қапалақтауы кәдік.
Жалпы, осы айда жел де, жаңбыр да, қар да күтіледі.
Асыл АЙТБАЕВ