– Өзім бұрыннан мұсылман баласының 5 парызының бірі болған қажылыққа баруды ойлап жүр едім. Биыл міне сол ниетімді іске асыруға бел байладым. Алайда жол сапарға қажетті ақшам сәл жетіңкіремей тұр. Білгім келетіні, қажылыққа бару үшін қарыз алу дұрыс па? Сонымен қатар қажылық виза кімдерге берілмейді?
Тарбағатай ауданынан тұрақты оқырман
Сіздің сауалыңызға Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб-мүфти Наурызбай Өтпенов жауап берді:
– Кез келген мұсылман қажылыққа барғысы келеді. Оған баруды армандайды. Қажылық кімге парыз екенін алдын ала біліп алғанымыз жөн. Қасиетті Құранда «Кімнің жағдайы келсе, сол адам өмірінде бір рет қажылық жасасын» деген. Яғни кез келген жағдайы бар мұсылманға өмірінде бір рет қажылыққа бару - парыз. Жағдайы дегенде әлеуметтік жағдайымен қоса денсаулығы да айтылып тұр. Әрине одан кейін тағы барам десе, оның да еш әбестігі жоқ. Кей адамдар қажылыққа бару үшін бір-бірінен қарыз немесе көмек сұрайды. Шариғат мұны қолдамайды. Яғни жағдайы келген адам ғана қажылыққа баруы керек. Қажылық дегеніміз – құлшылық. Ол барып демалатын орын емес. Болмаса ел көріп келетін жай бір сапар емес. Қажылыққа барып келіп, бір дәрежеге көтерілдім дейтіндей мансап та емес. Осыны білген жөн.
Виза бойынша арнайы шектеу жоқ. Біздің тәжірибемізде Сауд Арабиясы тарапынан қажылық визаға берген өтінішті қайтарған жағдай болып көрмеді. Ең әуелі, қажылыққа барғысы келген адам мұсылман болуы керек. Тек әйел адамдар жалғыз барғысы келсе, виза соларға ғана берілмейді. Яғни, оның жанында ертіп жүретін туысқан ер адам немесе күйеуі болуы шарт.