"Қазпошта" қазақстандықтар қандай газет-журналдарды жиі оқитынын анықтады

382
көрілім
Фотосурет Business.gov.kz сайтынан.

 Қазпошта арқылы Қазақстанда газет-журналдарға жазылудың жалпы көлемі 108 363 590 дананы құрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша деректер осындай.
"Республикалық газеттердің үздік бестігіне "Егемен Қазақстан", "Жас Алаш", "Ана Тілі", "Казахстанская правда" және "Ұйғыр авази" басылымдары кірді. Аймақтық көшбасшылар арасында – "Жетісу", "Ақтөбе", "Огни Алатау", Аq Jol, "Южный Казахстан" газеттері бар", - делінген "Қазпошта" хабарламасында.

Ел бойынша барлығы 204 республикалық және 521 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 45%-ды, өңірлік басылымдардың үлесі 54%-ды құрады. Тираждың 1%-ы халықаралық мерзімді басылымдарға тиесілі. Қазақстандықтар Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украинаның 3 мыңнан астам газет-журналдарына Қазпошта арқылы жазылу мүмкіндігіне ие.

Газет-журналға жазылу ауылдарда көп тіркелген: барлық таралымның 73%-ы.Ауыл тұрғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарға жазылғанды (жалпы тираждың 58%-ы) жөн көреді. Жазылу бойынша Қазақстанның өңірлері арасында Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

"Статистика жазылу тиражының төмендегенін көрсетті. Өткен жыл қорытындысы бойынша жазылудың жалпы көлемі 127,8 млн дананы құрады. Биыл қараша мен желтоқсан айларына жазылу әлі жалғасуда және жыл соңында көрсеткіштер шамалы өседі. Бірақ тұтастай алғанда өткен жылдың көрсеткішінен аспайды. Біз электрондық басылымдарға көшу – қазақстандық статистиканы растайтын жалпы әлемдік тренд екенін түсінеміз", – дейді "Қазпошта" АҚ "Пошталық сервис" филиалының директоры Нұржан Жабаев.

Қазірдің өзінде 2020 жылға жазылу басталып кетті. Баспасөзге жазылуды кез келген Қазпошта бөлімшесінде ресімдеуге болады.