Демалыс күндері «Қазгидромет» РМК-нің ескертуіне қарамастан Өскемен қаласына жақын қысқы демалыс орындарында демалушылар саны көп болды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
«Казселезащита» мен Төтенше жағдайлар департаментінің 9 маманы бұл уақытта тауда демалушыларға көшкін қаупі туралы ескерту мақсатында «Алтайские Альпы» және «Изумруд» демалыс орындарына барды.
Жұмысшылармен, демалушылармен «Таудағы көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелері» тақырыбында әңгіме өткізіліп, көпшілікке аранйы жадынамалар таратылды.
- Біз демалыс базаларына рейд жүргіздік. Қалың қар жауып, жел тұрса 3-5 күн қар көшкіні жүру қатері бар. Осы уақытта тауға демалуға баруға тыйым салынған. Сондай-ақ көшкін аймағында өзін қалай ұстау керектігін түсіндірдік. Қауіпсіздік ережелерімен 300-ден астам адам қамтылды. Ескертулеріміз пайдалы болады деп үміттенеміз, - дейді «Казселезащита» мемлекеттік мекемесінің ШҚО филиалы басшысының орынбасары Есімхан Батибаев.
Мамандар ескертеді:
Қар көшкіні болған жағдайда тасты ойпаттың артына тығылыңыз немесе көшкін қозғалысына перпендикуляр бағытта қатты жүгіріңіз.
Егер көшкіннен шығу мүмкін болмаса заттарыңызды шешіп тастаңыз. Мұрын мен аузыңызды тез жауып, қолдарыңызды жүзу қимылымен сермеп қардың бетінде қалуға тырысыңыз.
Қатты айқайламаңыз, себебі қар дыбыстарды толық сіңіріп алады, ал айқай сізді күштен, жылудан айыруы мүмкін. Қатты ашуланбаңыз және сасқалақтамаңыз, ондай жағдайда не істеу керектігін ұмытып қаласыз.