Білім грантын ұтқан түлектердің «Келешек» бағдарламасы бойынша жинақталған қаржыға тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі бар. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«2024 жылдан бастап кез-келген ата-ана серіктес банктердің біріне барып, сол жерде баланың оқуына ақша жинайтын арнайы шот аша алады. Ата-ана от ашқанда 1 АЕК (3450 теңге) құю қажет. Бұл минималды сома. Біздің министрлік ата-аналарды қолдау мақсатында бастапқы ынталандыру капиталын береді», - деді Саясат Нұрбек Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, алдағы уақытта жиналған соманы «Ұлттық қор – балаларға» жобасы шотында жинақталатын қаражатпен біріктіруге болады.
«Егер бала білім грантын жеңсе «Келешек» бағдарламасы бойынша жинақталған қаржыға тұрғын үй сатып алуға немесе отбасындағы басқа балаларға бере алады. Біз балаларымыз сапалы білім алуы үшін ата-аналарға барынша қолдау көрсетеміз», - деп толықтырды министр.