– Облыс орталығындағы Казақстан көшесі, 65 мекен-жайында орналасқан «Центр одежды» дүкенінде сатушы (консультант) болып 2 ай 5 күн жұмыс істедім. Мені келісім-шартсыз жұмысқа алған «Центр одежды» дүкенінің иесі 5 күннің (10 мың теңге) жалақысын төлеуден бас тартып, орныма біреуді ертіп әкелсем ғана жалақымды төлейтіндігін айтты. Жұмыс беруші жұмыскерді келісім-шартсыз жұмысқа алуға қақысы бар ма?
Өскемен қаласынан тұрақты оқырман
Сіздің сауалыңызға Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов жауап береді:
– Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 33-бабы 3-тармағына сәйкес, адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Жұмыс берушінің жұмыскерге «Орныңа адам тап» деген талап қоюға құқығы жоқ. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және тиісті түрде рәсімделмеген жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 86-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл мәселе бойынша сіз Өскемен қаласы, Карл Либкнехт көшесі, 19 мекен-жайында орналасқан Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысына арыздана аласыз.