Кен іздеушілердің жанайқайы. «Күршім өзені ластанды» деген ақпарат қаншалықты рас?

589
көрілім

23 қыркүйекте ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев пен оның орынбасары, ШҚО бойынша бизнес-омбудсменнің өкілі Әлия Мұқашева Күршім ауданына "Визол" геологиялық барлау компаниясы" ЖШС-не барды, өйткені осы ЖШС туралы әлеуметтік желілерде жағымсыз қауесет тараған болатын, аталмыш кәсіпорын Күршім өзенін құрамында сынабы бар қалдықтармен ластап жатыр-мыс. "Атамекеннің" өкілдері геологиялық барлау аумағына барып, зерттеп, тағылған айыптың жалған немесе дұрыс екеніне көз жеткізген жөн деп шешті.

Жергілікті жерге келген ӨКП дирекциясының мүшелері "Визол" геологиялық барлау компаниясы қажетті жабдықтармен толық жабдықталғанын, өзінің тұнба тұндырғыштары мен табиғи су таратқыштарын жайластыратын жерлерге заңды негізде иелік етуге құқығы бар екенін көрді, компания негізгі жұмыстар аяқталғаннан кейін игерілген жерлерді тегістейді және көктетеді, яғни түрлі ағаш көшеттерін, шөп жабынын және жер қойнауын пайдалану мен экология саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар ұсынатын өзге де жасыл желектерді отырғызады.

ӨКП басшылығы алтын өндірудің барлық процесін бақылады, карьерлерді қазу, суды көп сатылы тазартуға арналған қазаншұңқырларды орнатудан бастап, алтын өндіру процесіне дейін және бірнеше мәрте тазартылған судың өзінің табиғи көзіне баратын жолына дейін бақылады. Судың қатты бөлшектері орналасқан тұндырғыштар толығымен табиғи элемент болып табылады және күн  көзінде жатып құрғағаннан кейін топырақтың бір бөлігіне айналады, оны құнарлы етеді, экологиялық таза.

Әр 300 метр сайын арнайы техника өз жұмысын атқарып жатты, осыдан-ақ лас суды өзенге ағызу қажеттігінің жоқтығына көз жеткізуге болады. Бірінші жағынан барлық жерде шұңқырлар қазылып, игерілген учаскелер тегістеліп, су сорылып, жер қойнауы игеріліп жатса, екінші жағынан өндірісте пайдаланылған суды тазартуға бағытталған өзге де жұмыстар жүргізіліп жатты. Айтпақшы, кәсіпорында суды тұндыруға арналған шұңқырлар саны заңмен белгіленген стандарттардан асып түседі, тіпті артық су қоймалары да бар. Мұнда таңқаларлық ештеңе жоқ, өйткені кәсіпорында 250 адам жұмыс істейді, оның ішінде 60-тан астам жергілікті тұрғындар, олар өз отбасыларымен бірге Күршім өзенінінің суын ауыз су ретінде пайдаланады.

"Тау-кен жұмыстары топырақты өңдеу арқылы жүзеге асырылады, яғни құнарлы өсімдік қабаты алынып тасталады, содан кейін барлық қазбалар химиялық заттарсыз таза сумен жуылады. Өзенді сынаппен және басқа химиялық заттармен ластап жатыр деген бейнероликке келетін болсақ, бұл жалған ақпарат. Біз сынапты қолданбаймыз, су тұндырғыштардың көмегімен тазартылады. Ал Күршім өзеніне ол өте алыс орналасқанына қарамастан, бассейндердің көмегімен кәрізделген  таза су ағады", - деді "Визол" ГБК директорының орынбасары, жергілікті тұрғын Ринат Жукушев.

Кәсіпорынның күзет қызметінің бастығы БАҚ-та "Визол" ГБК туралы теріс материал берген журналистің сөзіне қатты ашуланды. Ол бізге жақын жерде бейбіт жайылып жүрген жылқыларды көрсетті және күзетшілер жануарларды атты деген жалған ақпаратты қаскөйлер арнайы арандату үшін тарататынын айтты. Өйткені кәсіпорын күзетшілерінде ешқандай қару жоқ, қару  бұл жерде қарастырылмаған. Мал өндіріс аумағына кіріп кеткен жағдайда күзет қызметкерлері малды қайырғаннан әріге бармайды.

Жалпы, кәсіпорын қызметкерлері бейнеролик монтаж екеніне сенімді, онда «Визол» аумағындағы кадрлардан басқа кадрлар да бар, мұндай кадрларды облыс тұрғындарын үрейлендірмек оймен пайдаланған болар дейді олар.

"Атамекен" өкілдері өндірістік циклдің бірінші объектісіне келді, онда қазылған шұңқыр үстінде топырақты таза сумен тазалап, елеп, алтынның кішкене бөлшектерін бөліп алады. Арнайы шұңқырда топырағы бар су төмен қарай ағып, жасанды канал бойымен қозғалады және тұндырғышқа түседі, ол жерден топырақтан толығымен тазартылған су жасанды арнаға ағып кетеді. Су 5-8 ретке дейін тазартылады.

"Біз өндірісті басынан бастап көрдік, содан кейін лас судың арнайы тұндырғыштарға ағып жатқанын көрдік. Тіпті бірінші шұңқырдағы судың өзі өнеркәсіптік қондырғыдан шыққан сумен салыстырғанда әлдеқайда таза. Әрі қарай, әр 500 метр сайын тағы үш тұндырғыш бар, ол жерден негізгі арнаға мүлдем таза су ағады. Яғни, өндірісте кез-келген химиялық қоспаларды, атап айтқанда, сынапты қолдану мүмкін емес екеніне көз жеткіздік. Технологиялық процесте бұл қарастырылмаған, яғни мұнда бәрі таза, органикалық", – дейді су тазарту процесінің куәгері, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

ГБК өндірісінде кез-келген химиялық реактивтерді қолдануға қатаң тыйым салынады және блогерлердің тазалау барысында сынап қолданылады деген болжамы негізсіз, тіпті қисынсыз. Өйткені өзен суы ауыз су ретінде пайдаланылады. Ал өндіріс барысында химиялық қоспалар, яғни сынап пайдаланылатын болса кәсіпорын жұмысшылары мен жақын маңдағы ауыл тұрғындарының денсаулығы сыр берер еді.

"Біз өндірістік қондырғыға екі шақырым жетпей тоқтадық, бұл жерде тазарту процесі басталады, судың лай тұндырғышқа аққанын өз көзімізбен көрдік. Содан кейін лай тұндырғыштың жанына келіп, оның таза органикалық екенін көрдік, мұнда сынап мүлде жоқ", - деп түсіндірді Әлия Мұқашева.

Тек технологиялық процесті бақылау жеткіліксіз болып көрінгеннен кейін, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының дирекциясы Күршім ауданының экологиясы мен өміріне "Визол" ГБК тигізген әсері туралы пікірлерін білу үшін жергілікті жұртшылық пен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.

Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бахан Аманжолов арандатушылық ниетте жасалып жатқан жарияланымдарға сенбеуге шақырды, оның үстіне бұл авторлардың ешқайсысы шын мәнінде "Визол" ГБК аумағында болмаған және табиғи судың қауіпті заттармен ластану фактілерін дәлелдей алмайды. Дәлелдердің жоқтығын ескерер болсақ, айыптаушылар артық кеткен сияқты. Күршім ауданының, атап айтқанда Абай ауылдық округінің тұрғындары ауыз судың сапасына наразылығымыз жоқ, су лас емес дейді. Сонымен қатар, олар «Визол» ГБК-на ауданның дамуына қосқан зор үлесі үшін, күн көрісі төмен отбасыларды, көп балалы тұрғындарды, мүгедектерді және азаматтардың өзге де әлеуметтік осал санаттарын тұрақты қолдағаны үшін, инфрақұрылымды дамытуға және Күршім тұрғындарының әлеуметтік деңгейін арттыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді.

"Мен өзім осы кәсіпорында болдым, барлығын қарап шықтым, бүкіл процесті бақыладым. Лас су біздің өзенге құйылмайды, бұл теріс ақпарат және мұндай ақпарат біреудің тапсырысымен таратылып отырған болар. Егер су ластанған болса, біз бірден дабыл қағар едік. Желіде жүрген бейнероликтегі өзен біздің өзен емес, бұл монтаж екеніне сенімдімін", - деді ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бахан Аманжолов.

Оның сөзін аудан жұртшылығының өкілдері мен кәсіпорын қызметкерлері қостады, олар өндірістік процеске, қауіпсіздік техникасына, жалпы ГБК-дағы жұмысқа және өз отбасыларын, соның ішінде таза ауыз сумен лайықты қамтамасыз ете алатынына риза.

"Бұл ЖШС ауылға тегін көмір жеткізеді, онда біздің балаларымыз жұмыс істейді. Олар біздің өзенімізді ластамайтынын анық білеміз. Менің ойымша, бұл алтынды заңсыз өндіретін кеншілердің жасап отырғаны. Бейнероликте көрсетілген біздің өзен емес!"- деп мәлімдеді ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Қалтай Қабыкенова.

"Визол" ГБК бұл жерде көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келеді және біз олар туралы теріс пікір айтудан аулақпыз. Олар өзенді ластап жатқан жоқ, мен бұған толық сенімдімін. Керісінше, компания әрдайым ауданға көмектеседі және әлеуметтік жауапты кәсіпорын болып табылады", - деп атап өтті жергілікті мектептің мұғалімі Құрмет Ибраев.

"Күршім өзенінде қаншама рет болдым, судың ластанғанын ешқашан байқамадым", – деп қосты Абай ауылдық округі мешітінің имамы Мақсат Әбдірахманов.

ШҚО КП директоры мен директордың орынбасары Абай ауылдық округінің әкімі Талғат Бақтияровтың қабылдауында болды, Күршім ауданының әкімі Дулат Қажановпен де кездесті. Олар аудан тұрғындарын қолдады, судың ластануына қатысты  шағым түспегенін және «Визол» ГБК қайырымдылық ақцияларына қатысумен қатар, салық төлеу арқылы жергілікті бюджетті толықтырып отырғанын, сонымен қатар аудан өмірінің түрлі салаларын жақсартуға жағдай жасап отырғанын мәлімдеді.

"Біз ауданымызда осындай қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейтініне қуаныштымыз, ол әрдайым тұрғындарға көмек қолын созып, жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мен бұл арандатушы бейнероликке қатты таңқалдым, ол қайда түсірілді? Мұның "Визол" ГБК-на еш қатысы жоқ. Бізге әкімдікке ешқашан жергілікті тұрғындардан шағым түскен емес және компания өзенді ластап жатыр деп күдіктенуге еш негіз жоқ. Ал егер мұндай жағдай орын алса, онда мұнымен блогерлер емес, құзыретті органдар айналысуы тиіс", – деп қорытындылады Дулат Қажанов.

Біз кейбір сұхбаттасушыларымыздан рейдерлік шабуыл, рэкет, бәсекелестердің айла-амалдары деген сөздерді естіп қалдық. Бірақ жақын маңдағы кәсіпорындар «Визол» ГБК-нің  «күдіктілер» тізіміне енбейді. Олардың пікірінше, «қара» іздеушілер суды ластауы мүмкін. Бұл адамдар мұнда оңай олжа табу үшін келеді, алтынды түнде жуады. Немен және қалай жуады деген сұраққа блогерлердің бейнеролигінде көрсетілген Күршім өзеніне ағып жатқан лас су жауап бола алатын шығар.

Бұл мәселенің шешімін біз уәкілетті органдарға қалдырамыз, ал Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз. Кез-келген ақпаратты ойдан шығаруға болады, сондықтан әрқашан ой елегінен өткізіп, фактілерді тексеріп, қарапайым логиканы ұстану керек. Мұның бәрі кімге және не үшін қажет деген сұраққа жауап іздеп көріңіздер.

Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Күршім ауданында кен іздеушілердің қызметін тексеру үшін арнайы комиссия құрды, комиссия құрамында мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері бар. 28 қыркүйекте комиссия рейдпен "Визол" ГБК-на баруды жоспарлап отыр. Өз кезегінде "Визол" ГБК ұжымы Қазақстан Президентіне қоғамдық резонанс тудыратын және кәсіпорын қызметіне қауіп төндіретін жалған мәліметтерге наразылығын білдіретін бейнеөтініш дайындады. Олар белгілі бір қылмыстық топтар тарапынан ГБК-ны рейдерлік басып алу жоспарланған деген пікірде, Мемлекет басшысынан мәселенің басын ашып, кінәлілерді жауапқа тартуды сұрайды.

"Визол" ГБК ұжымының бейне үндеуіне сілтемелер:

∙ https://www.facebook.com/groups/OskemenBiz/posts/1277255749379252/

∙ https://www.instagram.com/p/CUT7kc4qpap/

∙ https://t.me/palatavko/2368

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, Еcojer облыстық филиалының басшысы Елена Березинская-Абилованың тікелей эфирлеріне сілтеме, ол сондай-ақ "Визол" ГБК-на экологиялық рейдпен барып-қайтты:

∙ https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=2789427568017240&id=100008500718407

∙ https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=2789431784683485&id=100008500718407

∙ https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=2789439974682666&id=100008500718407

"Визол" ГБК басшылығы мен ШҚО Кәсіпкерлер палатасы дирекциясының қатысуымен өткен баспасөз конференциясының тікелей эфиріне сілтеме:

∙ https://www.facebook.com/groups/OskemenBiz/posts/1277400782698082/