Айдың-күні аманда талай жұрттың түндігін желпілдетіп, маусымның алаңсыз мезгілінде құдды бір шаңды шапқыншылық ұйымдастыруға асыққан басқыншылардың екпінін тоқтату үшін талай жастың шайқас шебіне сұранып барғандары мәлім. Әсіресе қазақ жастарының есімі 1941 жылдың қараша-желтоқсан айларында ауыз толтыра айтылып, жауынгерлік даңқы шыққандығы жайлы мәліметтер жиі жарық көруде. Солардың бірқатары кейін құрметті атақ, марапаттар алып, есім-сойын тарих беттеріне алтын әріппен жазды. Сайт тілшісі Жеңіс күні қарсаңында түрлі ақпараттарды салыстыра отырып, Кеңес Одағының Батыры атанған қазақ жауынгерлері жайлы мақала ұсынуды жөн көрді.
Күміс күн күлкісін тиып, әр кеште қабағын шыта еңкейген сұрапыл жылдар барлық отбасыға дерлік қайғы әкеліп, зобалаң шаққа айналған еді. Ресми мәліметтерде Орта Азия халықтарынан қатысқан солдаттар саны – үш миллион деп жазылса, соның тең жартысына жуығы, яғни 1 млн 400 мыңдайы қазақстандықтар. Жалпы айтқанда неміс басқыншылары лап қойған шаққа дейін КСРО туы астында 178 мың әскер Отан алдындағы борышын өтеп жатқан болатын. Әп-сәтте олардың саны еселеніп шыға келді. Ал майдан даласына Алаш топырағынан аттанған әрбір екінші жауынгер қаза тапты деген мәлімет тіптен жан түршігерліктей естіледі. Түрлі жағдаяттар, жау шебін бұзып өткен бетбұрысты сәттер соңы Жоғарғы Қолбасшылық тараптың ескеруімен төсбелгі табыстаумен тәмамдалып жатты. Атап айтсақ, Жеңіс туы желбіреген сәтте 97 мыңға жуық қазақстандық түрлі медальдар мен ордендерге лайық деп танылса, соның 497-сіне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мұндай мәртебелі төсбелгі бойынша орыс, украин, белорус, еврей және татарлар алғашқы бестікті түйіндесе, қазақтар алтыншы орынға жайғасқан. Шығыс топырағында олардың саны 12 десек, ел көлемінде бұл атақты қанша қазақ алды? Қан майданда ерлік көрсеткендермен қатар әуеге көтерілген тұңғыш қазақ та бар тізімде.
Қайыргелді Майданов
Ресми деректер 97-ші болып Кеңес Одағының Батыры атағы Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданының тумасы Қайыргелді Майдановқа берілгенін растайды. Әдетте қан майданда, я болмаса әскери қақтығысқа қатысқан қанша адамға Батыр атағы екі мәрте берілген деген сауал көпшілігі үшін айтарлықтай қиындық туғызбайды. Әлбетте, Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Леонид Беда және Иван Павлов. Бұған бесінші болып Қайыргелді Майдановты қосып қойса еш жаңсақ мәлімет емес. Тек бұл азамат Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі емес, ауған соғысы кезінде көрсеткен сауатты қимылы үшін аталған атаққа лайық болды. Айта кетейік, Қайыргелді Сайынұлы 1979-89 жылдар аралығында Ауғанстандағы әскери қақтығыста ұшқыш болып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Сөз басында екі мәрте деп жазғанымыз, бірі – Кеңес Одағының Батыры, екіншісі Ресей Федерациясының Батыры атағы. Мұндай мәртебеге ие жандар КСРО көлемінде ілуде біреу.
Тоқтар Әубәкіров
Келесі болып есімі республиканы қойып, ТМД-ға танымал Тоқтар Әубәкіров тізімге енді. Кеңес Одағының Батыры атағын алған 98-ші қазақ. Қазақтар арасында МИГ-29 реактивті ұшағын әуетасымалдағыш крейсердің палубасына алғаш болып қондырған сынақшы-ұшқыш. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Бірінші Май ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған, шешесі мен әжесінің тәрбиесінде болған. Ал әкесі Оңғарбай мен анасы Кәмила ұста болған адамдар. Түптеп келгенде, ол кісі Қаздауысты Қазыбек бидің тікелей ұрпағы болып саналады екен.
1988 жылы КСРО бойынша тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындайды. Осы кезде авиация саласындағы ерен еңбегі үшін Тоқтар Әубәкіровке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Бауыржан Момышұлы
Соғыс басталғанға дейін 105-ші атқыштар дивизиясының артиллериялық бөлімін басқарса, 1940 жылдың ақпанында Житомирге 202-ші жеке қарсы бөлімшенің командирі болып тағайындалды. 1941 жылдың қаңтарында тәжірибелі артиллериялық командир Алматыға жіберілді. 1941 жылдың шілде айында жаңа 316-шы атқыштар дивизиясының жаңадан құрылған штабына Қазақстан мен Қырғызстаннан қосымша әскер алына бастады.
Сонда Бауыржан Момышұлы жаңадан құрылған дивизияның 1073-ші атқыштар полкінің атқыштар батальонының командирі болып тағайындалды. Сұрапыл соғыстағы ерлік оқиғалары келер ұрпаққа мәңгіге үлгі болып қалмақ. Солардың ерекшесі Москва түбіндегі шайқас. Сол кезде панфиловшылар үшін өте маңызды сәтте, 1941 жылдың қараша айында Бауыржан Момышұлы 19-шы гвардиялық атқыштар полкіне командир болып тағаййындалды. Аталған полктің басқа бөлімшелерімен бірге неміс-фашистерінің Мәскеуге кіруіне мұрсат бермеді.
1990 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығы арқасында Одақ тарағанға дейін Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлыққа қол қойылды.
Расул Есетов
100-ші Кеңес Одағының Батыры Түркістан облысында дүниеге келген. Алайда ресми құжаттарда ұлтын өзбек деп жазылған. Неміс басқыншылары басып кірген сәтте жасы 17-де болған. КСРО-ның әскерге жарамды жігіттері Отанды қорғауға соғысқа аттанғанда, Түркістан өңірінен талай боздақ от пен оқтың ортасына түсті де кетті.
Толарсақтан саз кешіп жүріп қайсарлығымен көзге түскен Есет Расулов талай соғыс ұрыстарында батылдығымен жауды жер жастандырады. Немістердің бекіністерін талқандап, көптеген жауынгерлерін тұтқынға алып, бірнеше оқ-дәрі қоймасын қолға түсірген қақтығыстарда ерлік көрсетеді. Батырдың ерлігі мойындалып 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағын алып, кеудесіне «Алтын жұлдыз» тағады.
Туған жерінде ҚР Үкіметінің арнайы Қаулысымен 2017 жылы №20 мектепке Расул Есетов есімі берілген болатын.
Біліс Нұрпеисов
Көптеген деректерде есімі Плис деп жазылған. Осыдан қарап-ақ 101-ші Кеңес Одағы Батырының ата-анасының бірінің бауырлас елдерде дүниеге келген болар деген ой келеді. Рас, республика көлемінде есімі көмескіленіп, жиі аталып жатпағанымен Қарақалпақстанда кеңінен танымал. Өзі де соғысқа дейін сонда ғұмыр кешіп, әскерге алынып, соғысқа сол жақтан аттанған. Abai.kz сайтында Біліс Нұрпейісовтің Қарақалпақстаннан көшіп келгендігі, Қазақстаннан гөрі сол елде есімі белгілі екендігі жазылған. Одан бөлек, Батырдың алтыншы бабасы Шыбынтай би (XVIII ғ. басы мен 70-жылдары) Әбілқайыр ханның замандасы болған екен.
Соғыстың алғашқы кезеңінен бастап «Пе-2» бомбалаушы ұшағымен немістердің шабуылдаушы әскерлерін бомбалауға қатысты. Әскери тапсырмаларды орындау барысында жараланып, кейін Бурят - Моңғол Автономиялық Республикасындағы арнайы Тайткуркн әскери ұшақтар мектебінде дайындықтан өтті. Майдан шебіне 1943 жылы соғысқа қайта кірді. Алыс қашықтыққа ұшып, әскери стратегиялық нысандарды суретке түсіріп, оларды жойғаны үшін Біліс Нұрпейісовке 1945 жылғы 20 тамыз күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қай соғысқа қатысса да қазақ жауынгерлері жаудан ығып, жасқануды білмеген. Неміс-фашистерімен болған қырғыннан соң Кеңес Одағының Батыры 96 қазаққа берілгенімен, кейін солардың қатарын тағы бес азамат толықтырды. Кім білсін, сынаптай сырғыған уақыт әлі де белгісіз жаужүрек азаматтарымыздың есімін жалпақ жұртқа паш етер…
Әділхан ЕСІМХАНОВ