2018 жылы өңірімізде 2895 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыған. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Бастау» жобасына қатысушылар саны өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда екі есе артқан.
Үржар ауданы Мақаншы ауылының тұрғыны Серікбосын Ахметов 20 жыл бойы жеке шаруашылықпен айналысып келген. «Бастау» жобасы туралы естіген шаруагер курсқа қатысып, мал шаруашылығы бойынша бизнес-жобасын сәтті қорғап шықты. Тұрғын үйін кепілдікке қойған ол 3 млн теңге мөлшерінде несие алған. Шығыс Қазақстан облысында дәл осындай әдіспен жеке кәсібін дөңгелетіп әкеткендер аз емес.
2017 жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде «Бастау» бойынша 7 пилоттық ауданда 1313 адам оқып шықса, 2018 жылы жоба облыстың 15 ауданын, 2 қала мен 4 моноқаласын қамтыды. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мамандары жергілікті халықтың бағдарламаға деген қызығушылығы артқанын айтуда.
– 2018 жылғы жоспарымыз 2697 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды оқыту болды. Нәтижесінде, 2895 адам немесе жоспарлы көрсетекіштің 107%-ы оқуын тәмамдады. Олардың 1921-і немесе оқығандар жалпы санының 66%-ы бизнес-жоспарларын қорғады, – дейді ШҚО ӨКП қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Ғалия Тоқтасынова.
Жобалардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысына қарасты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы қаржыландырылды.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ