Кәсіпкерлік грантты «Бастау-бизнесті» оқымай алуға бола ма?

474
көрілім

Өңірімізде жұмыссыз адамдар жеке кәсібін бастау үшін «Бастау-бизнес» бағдарламасымен тегін оқып, мемлекет тарапынан алғашқы капитал ретінде қаражат алып жатқандығын білеміз. Білгім келетіні, қай санаттағы азаматтар кәсіпкерлік грантты «Бастау-бизнесті» оқымай ала алады?

Күршім ауданынан тұрақты оқырман

Бұл сауалыңызға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жауап берді:

– Жалпы, елімізде шағын несие әртүрлі жағдайда беріліп жатыр. Мұндай несие 2019 жылы 17 мың адамға берілді, 83 млрд теңге қарастырылған. Бұл жерде 8 мың АЭК – 20 миллион теңгеге дейін несие беру мүмкіндігі бар. Ол несие 5-7 жылға 6 пайыздық ставкамен беріледі. Бұл тетікті біздің азаматтар тиімді пайдалануда. Осы жеңілдетілген несиенің арқасында елімізде қосымша 14 мың жұмыс орны ашылған.

Осы шағын несие беру жүйесін жетілдіру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз көпбалалы және аз қамтылған жанұялардың жұмыссыз жүрген азаматтарына кейбір жеңілдіктерді қарастырып жатырмыз. Біріншіден, несие беру мерзімі міндетті түрде 7 жылға ұзартылады. Сонымен бірге пайыздық ставканы 6-дан 4 пайызға дейін төмендетіп отырмыз. Грантқа қатысты: бізде гранттың былтыр екі түрі болды. Бірі 100 АЕК, екіншісі 200 АЕК көлемінде беріліп келді. Осы жылы грант сомасын 200 АЕК көлемінде қалдырып отырмыз. Бірақ оны алу үшін міндетті түрде «Бастау-бизнес» бойынша оқып, сертификат алу керек болатын. Ол тәртіп қалады. Десе де көпбалалы және аз қамтылған жанұялардың жұмыссыз жүрген азаматтарына жеңілдік қарастырудамыз. Оларға міндетті түрде «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша оқу міндетті болмайды. Бұл жерде әлеуметтік келісім жасалады.