Кейбір жүргізушілердің көлік терезесінен қолын шығарып жүруі заңды ма?

758
көрілім
Жаз мезгілінде кейбір жүргізушілердің немесе жолаушылардың көлік терезесінен қолын немесе басын шығарып отыратындығын жиі байқап қаламын. «Апат айтып келмейді» демекші, сондай көліктің қасынан өткен кезде байқаусызда терезеден шығып тұрған қолға тиіп кетемін бе қорқамын. Сұрайын дегенім, жолаушылардың бұл әрекеті жол ережесін бұзушылық болып санала ма? Жол-патрульдік полиция қызметкерлері терезеден қолын созып кетіп бара жатқан жолаушыларға айыппұл салуға қақылы ма?
 

Айдын Б. Өскемен қаласы

Сіздің сауалыңызға орай ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті былайша тұжырымдайды:

ҚР Жол жүру ережесінің 4.2.3-бөлігіне сәйкес «жолаушыларға көлік қозғалысы кезінде көлік есігін ашуға, терезеден шығуға тыйым салынған.» Сондықтан егер жолаушы көлік терезесінен қолын немесе басын шығарып кетіп бара жатса ол заңбұзушылық болып саналады. Бұл әрекеті үшін жолаушы Жол жүру ережесіне сәйкес 5 АЕК (11 345 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.