2020 жылдан бастап жұмыс істемейтін барлық азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ең аз дегенде 1 414 теңгеден аударып отыруға міндеттеледі (аталмыш сома ең төменгі жалақы мөлшерінің пайыздық қатынасы ретінде 2018 жыл бойынша алынып отыр, ал жылдан кейін оның көлемі бұдан жоғарырақ болатыны белгілі). Мұндай аударым кезінде зейнеткерлер мен жүкті әйелдерге ғана жеңілдіктер берілмек. Десек те, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұмысының 2020 жылдан басталатынына қарамастан тұрғындардың кейбір санаттары мұндай аударымдарды аударуды биылдан бастап кетті. Кімнің қанша көлемде медициналық сақтандыру қорына жарна жинайтынын газет тілшісі анықтап көрді.
Әңгіме не жайында?
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі дегеніміз не? Бұл 2020 жылдың 31 наурызынан бастап медициналық көмекті бюджет есебінен ала алмайтынымызды білдіреді. Мысалы, қазіргі уақытта бізді ауруханаға жатқызып, тегін емдейді. Ал 2020 жылдан бастап бұл мүмкіндік тек міндетті медициналық сақтандыру қоры жүйесіне қатысқан адамға ғана берілмек. Яғни әр адам ай сайын өзі үшін қорға ақша аударып отырады. Бұл қызмет профильді дәрігерлерге де, тіпті отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның терапевт дәрігеріне де тән. Бюджет жеңілдіктері тек бірқатар санаттарға ғана беріледі (балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, қамаудағылар). Ал қалған санаттағы адамдардың өмірлеріне тікелей қауіп төнген кезде ғана көрсетіледі. Мысалы, жүкті әйелдің толғағы қысқанда көмек кез келген жағдайда көрсетіледі.
Жаңа жүйедегі медициналық қызметтердің тізімін, сондай-ақ халықтың жеңілдік беретін топтарын ҚР "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңынан таба аласыз. Ең бастысы, аталмыш жүйенің жеңілдік алатындардан басқалардың барлығын табыс көзі мен денсаулығына қарамастан, қорға ақша аударуға міндеттейтінін білген дұрыс. Сондықтан, әр адам өзінің қаржылық жағдайын алдын ала бақылап жүруіне тура келмек.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің төлемақы аудару саласы өткен жылдың орта шенінен жұмысын бастап қойған. Жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен басқа да азаматтар қорға ақша аударуды 2017 жылдың шілде айынан бастаған болатын. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша, 2018 жылдың 31 қаңтарында аударымдардың жалпы сомасы 38 миллиард теңгеге жеткен. Бірақ 2017 жылдың соңында "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңына түзетулер енгізіліп, жүйенің толыққанды жұмыс істей бастау мерзімі 2020 жылға шегерілген. Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап аударым пайызы мен қаржы аударушылар санаттары өзгерді. Сонымен, бүгінгі таңда аталмыш қорға деген аударымдардың қалай жүргізілетініне тоқталып өтейік.
Қорға қазірден бастап кімдер ақша аударуда?
Кім? | Қанша? | Қалай аударады? |
Жұмыс берушілер | 2018-2019 жылдары жалақының 1,5 пайызын аударады. 2020 жылы төлемақылар 2 пайыз, ал 2022 жылдан кейін - 3 пайыз болады. | Ақшаны банктің немесе "Қазпоштаның" кез келген бөлімшесінен мына шотқа аударады: KZ92009MEDS368609103 БСН 160440007161 БСК GCVPKZ2A Төлем мақсатының коды - 121 Төлем уақытының кешігуіне орай үстемақы ставкасы 1,25 теңге болады. Аударымдарды әр ай сайын немесе алдын ала алғытөлем ретінде жіберуге болады. Бірақ әр ай жеке төлем құжатымен жасалуы тиіс. |
Жеке кәсіпкерлер, жекеше нотариустар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар (салық беру есебін тоқтатқан және әрекетсіз деп танылғандар) | Жұмысшылар үшін жұмыс беруші сияқты, 2018-2019 жылдары жалақының 1,5 пайызын, 2020 жылы 2 пайызын, ал 2022 жылдан кейін 3 пайызын аударады. | |
Шаруа қожалықтарының иелері | Жұмысшылар үшін жалақысының 1,5 пайызын аударады (сонымен қатар, маусымдық жұмысқа алынған жұмысшылардың жұмыс істеген кезеңдеріне де төлейді) |
Кімдерге дайындық қажет?
Шаруа қожалықтарының иелері (өзі үшін) | 2018-2019 жылдары ештеңе аудармайды, 2020 жылдан бастап өзі үшін жеке кәсіпкерлер сияқты екі ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызын аударып отырады. |
Шаруа қожалықтарының мүшелері | 2018-2019 жылдары ештеңе аудармайды, 2020 жылдан бастап ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызын аударып отырады (бүгінгі таңда ол 1414 теңгені құрайды) |
Жалдамалы жұмысшылар (яғни ресми түрде жұмысқа тұрғандар) | 2018-2019 жылдары ештеңе аудармайды, 2020 жылдан бастап жалақысының 1 пайызын, 2021 жылдан бастап 2 пайызын аударады (бұл жұмысты жұмысшылардың өздері емес жұмыс орнының есепшілері атқарады). |
Жеке кәсіпкерлер, жекеше нотариустар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар (салық беру есебін тоқтатқан және әрекетсіз деп танылғандар) | Жеке кәсіпкерлер сияқты 2018-2019 жылдары ештеңе төлемейді, ал 2020 жылдан бастап екі ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызын аударып отырады. |
Салық беру есебін тоқтатқан және әрекетсіз деп танылған жеке кәсіпкерлер, жекеше нотариустар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар | 2018-2019 жылдары ештеңе төлемейді, ал 2020 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызын аударып отырады (бүгінгі таңда ол 1414 теңгені құрайды) |
Азаматтық-құқықтық келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар | 2018-2019 жылдары ештеңе төлемейді, ал 2020 жылдан бастап келісім-шарт бойынша алатын табысының 1 пайызын, 2021 жылы 2 пайызын аударады (аударымда тапсырыс берушінің есепшісі келісім-шарт бойынша төлем жүргізбес бұрын аударады). |
Тұрақты табысы жоқ және азаматтардың жеңілдік берілмеген санаттарына енетіндер | 2018-2019 жылдары ештеңе төлемейді, 2020 жылдан бастап ең төменгі жалақының 5 пайызы мөлшерінде аударым жасайды (бүгінгі таңда ол 1414 теңгені құрайды). Ал қорға ақша аудармаған азаматтарға төлеген күнімен қоса көлемі 1,28 ставкада үстемақы есептеліп отыратын болады (қазіргі уақытта бұл сома күніне 0,42 теңгені құрайды). |
Шетелге шыққан ҚР азаматтары (тұрғылықты тұруға кетпеген) | 2018-2019 жылдары ештеңе төлемейді, ал 2020 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызын аударып отырады (бүгінгі таңда ол 1414 теңгені құрайды) |
Кімдер қорға ақша аудармайды?
Халықтың кейбір санаттары үшін қорға қаражатты мемлекет аударады. Олар:
- Балалар
- Тіркелген жұмыссыздар
- Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер
- Баланы үш жасқа дейін сондай ақ мүгедек баланы бағып отырған ата-аналар мен қорғаншылар
- Бала туу (асырап алу) және оны үш жасқа дейін тәрбиелеу бойынша декреттік демалыста отырған аналар мен әкелер
- Зейнеткерлер, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері.
- Тергеу изоляторында қамақта отырғандар
- Түрмедегілер (қоныс колонияларында отырғандардан басқалары)
- Жұмыс істемейтін оралмандар
- Көпбалалы аналар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" немесе бұрын "Батыр ана" атағын алғандар, сондай-ақ І және ІІ-ші дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталғандар
- Мүгедектер
- Орта, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейін, жоғары, сондай-ақ жоғары білімнен кейін күндізгі бөлімде оқып жатқан студенттер мен оқушылар
- Оқушылар мен күндізгі бөлімде оқитын студенттер оқуларын тәмамдаған соң үш айға дейін аудармайды
- Әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері
Аударым ерекшеліктері
Слесарь-көп білдекші
Егер сіз кәсіпорында жұмыс істей отырып басқа біреуге қосымша қызмет көрсетсеңіз немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелсеңіз 2020 жылдан бастап қорға әр табыс көзінен жекелеп аударым жасайтын боласыз. Егер сіздің барлық табысыңыздың жиынтық сомасы 15 ең төменгі жалақыға тең болса ғана шектеу бар (қазіргі уақытта ол 424 260 теңгені құрайды). Ол кезде сіз осы сомамен шектеліп, табысыңыз аталмыш көлемнен асып кетсе де қорға бұл соманың бес пайызынан артық аударым жасамайсыз. Өз әрекетіңіздің дұрыстығын өзіңіз жұмыс істеген кәсіпорыннан (немесе бірнеше кәсіпорыннан) табыс туралы, аударылған және төленген аударымдар туралы анықтама алу арқылы дәлелдей аласыз.
Ең төменгі жалақыдан төмен
Егер сіз заң бойынша белгіленген ең төменгі жалақыдан төмен көлемде еңбекақы алсаңыз ше? Мысалы, жарты ставкада жұмыс істейсіз делік. Мұндай жағдайда заң сізді ең төменгі жалақының толық көлеміндегі (2018 жылы ол 28 284 теңгені құрайды) соманың бір пайызы көлемінде аударым жасауға міндеттейді. Бүгінгі таңда бұл тек жұмыс берушілерге ғана қатысты болғанымен 2020 жылдан бастап жұмысшыларға да 1 пайыз ұсталынатын болады. Яғни, биыл сіз қорға ай сайын 282,8 теңгеден аз емес мөлшерде аударым жасап отырар едіңіз.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ