Өңірде енді қарқын алып келе жатқан киокушинкай-кан каратэ спортына жаңаша серпіліс, жоғары жетістікке жетуге жетелейді деген сеніммен облыстық филиал президенті тағайындалды. Жаңа басшы балалар қызығушылығы ерекше артқан бұл спортты өрлету үшін қолынан келгенін аямайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиын барысында сөз алған киокушинкай-кан каратэден Ұлттық республикалық Федерацияның вице-президенті Әбілқайыр Сайранбек ел көлемінен тыс, Шығыс топырағында аталған спорттың жылдам қарқынмен дамып, шәкірт тәрбиелеудегі әр бапкердің біліктілігіне оң бағасын берді. Айтуынша, каратэнің бұл түрі облыс, аудан орталықтарынан бөлек, шалғайдағы елдімекендердегі балалар үшін де қолжетімді болуы тиіс.
– Алтай өңірінде қазір киокушинкай-кан каратэге ден қойған 800-ден астам спортшы болса, солардың бабын келістіріп, білгенімен бөлісіп жүрген 16 жаттықтырушы жұмыс істейді. Соның ішінде, Өскемен, Семей қалаларында, Шемонаиха және Глубокое аудандарында бірқалыпты дамып келеді, – деген Сайранбек Ербатырұлы шараның басты жаңалығына тоқталды.
Сонымен Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэден ШҚО бойынша филиалының президенті лауазымына Ерік Тұрсынғалиев тағайындалды. Тиісті хаттамаға сәйкес Ерік Теміржанұлы жауапты қызметіне сәуір айының 26-нда кіріскен.
Спорт жанашыры, самбо күресінен ҚР Спорт шебері бұл міндетті абыроймен атқарып, аталған спорт түрінің облыста кең етек жаюы үшін бар білім-тәжірибесін сарқа жұмсайтынын жеткізді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ