«Кіші Шанхай» мен су басқан Арбат. Өскеменде AR фото-көрмесінің ашылуы өтті

519
көрілім

Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапханада ұйымдастырылған шара Өскеменнің бұрынғы келбеті мен бүгінін байланыстырып, шаһар тарихынан сыр шертеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кітапхана ұжымы жуықта осы көрменің аңдатпасымен бөліскен еді. Облыс көлемінде бірегей жоба атанары сол кезде-ақ аңғарылды. О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхананың Бұқаралық ақпараттық құралдар бөлімінің меңгерушісі Таңнұр Башайдың айтуынша, рухани орда қандай шараны қолға алса да, заманауи технологиямен ұштастыруды назарда ұстайды.

– 2024 жылды тамаша көрмемен бастадық. Өздеріңіз аңғарғандай, мұндағы басты ерекшелік – Өскеменнің ескі суреттері қойылған. Смартфон арқылы арнайы бағдарламаны қоссақ, көнерген суреттер жаңарып шыға келеді. Келушілер арнайы қосымша арқылы қаланың тарихымен танысып, сол туралы кітаптар оқи алады, – деді ол.

Кітапхана ұжымының мақсаты да осы еді. Оқушылар мен жастарды технологияға үйрету арқылы тың ақпараттар ұсынылады. QR кодты қосса болды, «Өзгерген Өскеменмен» жақынырақ танысады. Қазір мұнда 20-ға тарта ескі сурет тұр. Әрбірі тарихтан тамыр тартады. Аталған кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекованың сөзінше, идея пайда болған сәттен мәдени ошақ қорындағы ақпараттардың барлығын ақтарды. Оқушыларды тек әңгімелеу арқылы ақпараттандыру аздық ететіндіктен, осындай жаңашылдыққа қадам басуды жөн санады.

– Шынымен де қызықты ақпараттар аз емес. Айталық, көрменің бас жағына қалада жолаушы тасымалдаған трамвайдың фотосын әдейі қойдық. Себебі, қоғамдық көліктің бұл түрі Өскеменде сонау 1960-шы жылдары қатынаған. Бізден басқа, Павлодар қаласында жүрді. Осы сияқты деректерді оқушыларға айтсақ, «мәссаған, рас па?» деп таң қалып жатады, – деді Жанат Маутқызы.

AR фото-көрмесі арқылы Б.Александров атындағы Спорт сарайы, «Юбилейный» кинотеатры, кісісі қаптаған Кемежай, Оралхан Бөкей атындағы кітапхана орналасқан көпқабатты үйдің бұрынғы кескіні көрерменге жол тартты.

– Бұрын көп адам «Собачий остров» деп атайтын жерде қалалықтар иттерін серуендететін. Суреттер сөресінде ол да бар. Ал Ертіс маңындағы «Стрелка» аумағын бұрын «Кіші Шанхай» деп атады. Себебі, 80-ші жылдардың басында көпқабатты үйлер бірінен соң бірі салына бастады. Одан бөлек, қазір көркі көз тартар Арбаттың ескі суретін қойдық. Кітапхана мұрағатында сол аумақты су басып тұрғанын көруге болады, – деді ұйымдастырушылар.

Өскемен туралы қандай да бір көнерген суреттер болса, кітапхана ұжымы оларды қуана қабылдайды. «Кеңгір Тұраның» бүккен сыры тереңде десті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ