Биылғы жылдың 6 айындағы көрсеткіш бойынша кейбір аудандар кішігірім шаруа қожалықтарын кооперативке біріктіру талаптарын орындамай отыр. Жалпы айтсақ, бүгінде облыс бойынша негізгі жоспардың 73%-ы ғана іске асқан екен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жоспар бойынша 2017 жылдың 1-жартыжылдығында 7,4 мың ұсақ шаруа қожалықтары кооперативке біріктірілуі керек еді, алайда қазіргі уақытта тек 5,4 мың шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламаның талабына орай кооперативтерге қосылған.
– Кішігірім шаруа қожалықтарын кооперативке біріктіру жұмыстары кейбір аудандарда сылбыр жүргізілген. Атап айтақ, Абай (43% орындалмаған), Бородулиха (20%), Глубокое (22%), Күршім (10%), Зырян (31%), Шемонаиха (15%) аудандары мен Семей (31%), Риддер (33%) қалалары бекітілген жоспарды орындамауда. Айта кету керек, маусым айында Күршім, Ұлан, Бородулиха аудандары мен Риддер қаласы бір де бір шаруагерді кооперативке қоспаған, – дейді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков.
Қоса кетсек, бұл бағдарлама бойынша облыста 38 пилоттық кооператив құрылмақшы. Оның ішінде 32 – сүт, 6 – ет бағытында жұмыс істейтін болады.