«Кітап оқыған адам ешқашан депрессияға түспейді»: Марқакөлдік Алёна Свириденко қазақ тілінің қолданыс аясы жөнінде

430
көрілім
Фотосуреттер кейіпкерлеріміздің жеке мұрағатынан

Дөңгеленген дүние Алтай топырағына тағы бір шаңырақты жіберді. Басқа қала, аймақтан емес, солтүстіктегі Кемерово облысынан артынып-тартынып жетті. Ресейде туса да, түбі Марқа өңіріне аялдап, кейін қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болған Алёна Свириденкомен әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті. Балалық шағы жол үстінде өткен нәзік жандының білім мен әдебиетке қатысты айтары да мол, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қоныс аударғандағы қиындықтар
Алёна ата-анасымен бірге 7 жасына дейін Кемерово облысына қарасты Поперечка ауылында тұрған. Әкесі Қазақстанда өскен екен.
– Ресейде көп тұрақтай алмай, Қазақстанды бетке алдық. Бір есептен, әкем осы жақта өскен, сол да әсер еткен шығар. Келген бойда сол кезде Көкпекті ауданына қарасты Раздольное ауылына аялдадық. Онда 4-ші сыныпқа дейін орыс мектебінде оқыдым. Сол кезде күллі әлім орысша сөйлейтін шығар деп ойладым (жымиып). Үш сіңілім Ресейде туса, төртіншісінің кіндік қаны Раздольноеда тамды. Ол уақытта ата-анамды қаржы жағы қысып, Марқа өңіріне қоныс аудардық. Үйсіз-күйсіз едік, қытайдың ала сөмкесіне заттарымызды салып, жарқын үміт жетегімен жаңа қонысымыз Қаройға аттандық, – деді ол.
Алёна қазір екі баланың анасы. Сол кезде әке-шешесі жасаған қауырт қадамдарға таң қалады. Балалықпен әсері қатты біліне қоймаған. Пәтер жалдап күнелтті. Оның өзінде, сұрқы қашып, төбесі құлаған үйлерді пана қылды.
– Оны бірдеңе қылып жамап, қыстап шыққанбыз. Көршілер шамалары келгенше көмектесті. Ол жерде орыс мектебі болмағандықтан қазақ сыныбына барып жүрдік. Түк түсінбейтінмін. Не айтылып жатқаны,  өзімнің не істеп отырғаным да ұғынықсыз. Сабаққа дайын болмағандықтан күнде екі алып жүрдім. Үйге жылап баратынмын, сол есімде. Жақсы көретін пәнім – математика еді, оған тіл білудің қажеті жоқ. Содан сыныптастарыммен араласып, бірге ойнап, солай үйреніп алдым. Бір жылдың ішінде маған не айтып жатқанын түсіне бастадым, – деді кейіпкеріміз.


Мұнда көшіп келгелі қыс қаһарын ерекше төккен. Көпбалалы отбасына әсіресе, алғашқы қыс қолайсыздық туғызыпты. Бес қыздың қамсыз тірлігі мен күнкөріс әрекеті ата-ананы титықтатпай қоймады. Соның бәрі қазір түрлі иірімге толы қызықты естелікке айналып отыр. Алёна Қаройдағы мектепті аяқтаған соң «Болашақ» бағдарламасы бойынша грант ұтты. Енді ол Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университет студентті. Таңдаған мамандығы – қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі. Бұл уақытта қазақшаға судай, мақсатын айқындап үлгерген бойжеткен.
Марқа маңындағы ғажайып жерлерді сүзіп, сіңлілерін жетелеп өскен қыздың грант ұтуы мұғалімі болатынын сол кезде айқындап бергендей.
– Бұл бірінші себеп. Екіншіден – қазақ тілінің жанашырымын. Сол кездегі қазақ тілінің мәртебесін көрген шығарсыздар, үкімет басындағылар да өзгерістер болатынын айтып жатты. Үшіншіден – әке-шешемнің мені оқытуға жағдайы келмейтін еді. Ал жалпы алғанда балаларға тәлім-тәрбие беріп, мүмкін емес ешнәрсе жоқтығын көрсеткім келді, – деді Алёна.

Әсер қалдырған әдеби шығармалар
Кейіпкеріміз қазақ әдебиеті классиктерінің біршамасын оқыған. Бірінің көтерген тақырыбы қызықтырса, екіншісінің жазу стилі ерекше.
– Қазақ жазушыларының шығармаларын бөліп-жарғым келмейді. Әрбірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бес арысымызды атап өтер едім. Қазақ тілінің жанашырлары ретіндегі орындары айрықша. Заманауи қаламгерлерден Ырысбек Дәбейдің «Маған өкпелеңізші!» деген шығармасы ұнайды. Оқып көрсеңіз таңғаласыз. Шығарманың атауы да, жеткізу мәнері де, түпкі мағынасы да терең. Айн Рэндтың «Менің сатып алған күйеуім» шығармасы мені кәдімгідей жылатты (аударған  Қуандық Шамахайұлы). Бұл жерде аудармашының шеберлігін айта кеткен орынды. Бір мін жоқ, оқуға кеңес беремін, – деп әдебиетке қатысты ой білдірді.
Жерлесіміз Алматыға оқуға кеткенде ата-анасы Қаройдан Матабай ауылына (2017 жылы таратылған), сосын Верх Еловкаға қоныс аударды.
– Мен университет бітірген соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Марқакөл ауылына жұмысқа тұрдым. Көп ұзамай ата-анамды осы жаққа көшірдік. Анам қазір наубайханада жұмыс істейді, әкем тракторшы. Екеуі дән риза, қартайған шақта орындарын тапты. Соған қатты қуанамын, – деді Алёна.


Өмірлік жары Рафхат Қабдылманапұлымен Марқакөлде танысып, шаңырақ көтерді. Сөзінше, қазақ жігітіне жар боламын дегенде ата-анасы қарсылық білдірмеді. «Олардың түсінігі мол» деп езу тартты. Беташар болмапты. Екі жас отау құрғанда ел көлемінде карантин әлі басыла қоймаған. Барлық жер жабық, той өтпеді. Дегенмен Алёна тарапынан ең жақын деген адамдары келіп, үйден ұзатып жіберді. «Сырға салу» ырымын жасап, екі жақ шағын дастарханда бас қосты.
Ал жұмыс қызып тұр. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қазақ тілі мен әдебиет пәніндегі мәтіндердің ұғынықсыз болып кеткені туралы жазбалар жиілеген болатын. Кейіпкерімізден осы жағын сұрадық.
– Менің ойымша, Білім және ғылым министрлігі қазақ жастарының жан-жақты болғанын қалайды. Қазақ тілінің тақырыптарын география, химия, физика, математикамен байланыстырғысы келеді. Бірақ бұлай ету мұғалімдерге қиын. Неге? Себебі, тек оқып жатқан ережені түсіндірумен қоймай, басқа нәрсені де зерттеп түсіндіру қажеттілігі туындайды. Мысалы жол-жүру ережесін, көлік маркалары мен олардың қай облысқа тиесілі екенін қазақ тілі сабағынан білуге болады. Ал мұғалім осыларды мысал етіп, ережені түсіндіргенше жарты сабақ өтіп кетеді. Сол жағы өкінішті, – деді пән мұғалімі.

«Кітап – суицидтен аман алып шығады»
Марқакөлдік мұғалім қазіргі жастарды өте білімді деп санайды. Сол білім дұрыс жаққа бағытталса, ғылымға серпіліс болатындығына сенімді. Әдебиетке қатысты ойы мынадай: қазір 6-шы сынып оқушыларының оқып жүргені – ертегі мен таңғажайып шығармалар.
– Өзіміз мектеп қабырғасында жүргенде қазақ классиктерін, философиялық әңгімелер мен хикаяттар оқыдық. Батырлар жыры қандай еді?! Өкінішке қарай, қазіргі жастар шет елдің әлдебір батырларына еліктейді. Себебі, экранизация арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Бізде бұл жағы кенжелеп тұр. Жазушының қиялына қарай оқиға да түрленеді. Айтпақшы, шығарма оқып жүрген адам ешқашан депрессияға түспейді. Қазіргі заманның дертіне айналған суицидтен кітап аман алып шығады екен, – деді Алёна Георгиевна.
Марқакөлдік мұғалімнің сөзінше, бүгінде қазақ тілінің мәртебесі біршама көтерілген. Барлығы дерлік қазақша жазып, қазақша сөйлеуге машықтанады. Бір-екі жылдан соң мемлекеттік тілде сөйлейтіндер санының арта түсетіндігіне сенімді. Кейіпкеріміз қазір бала күтіміне байланысты еңбек демалысында. Отбасымен Марқа өңірінен Зайсан қаласына қоныстанған. Құжат жағы шешілсе, сол жақтағы білім ордаларының бірінде жұмысына қайта кіріседі. Осы уақытқа дейін шәкірттерін пән олимпиадаларына дайындап, олар жүлдемен қайтқан.
Орыс қызының қазақ тілінен сабақ беріп жүргеніне таң қалғандар аз болмапты. Кейінірек көздері үйреніп, сенім білдіре бастады. Енді республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде нәтиже көрсететін шәкірт тәрбиелесем дейді.
Интернационалды отбасы екі ұлттың да мейрамын назардан тыс қалдырмайды. Әз-Наурыз, Құрбан айт, Рождество, Пасха – барлығын атап өтіп, дастарханды молынан жаяды. Бұл ретте жұбайы кез келген бастамасын қолдайды. Кішкентайлары Ислам мен Ясминаға бағыт-бағдарын беріп, екеулеп махаббаттарын төгіп келеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ