Биылғы жылы Зайсан ауданының тоғыз елді мекеніне табиғи газ құбырлары тартылды.
2013 жылы "Тарбағатай Мұнай" ЖШС мен облыстық әкімдік арасында Зайсан ауданының бірқатар елді мекендерін "Сарыбұлақ-Зимунай" газ құбыры арқылы газдандыру туралы келісімшарт жасалған болатын. Аталмыш құжатпен газдың жеткізілу құны мен аудандағы газ тартылатын тоғыз елді мекен белгілі болған еді. Олар Қаратал, Айнабұлақ, Қайнар, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Үлкен Қаратал, Қарабұлақ және Кеңсай ауылдары болып белгіленді.
"Тарбағатай Мұнай" кәсіпорны қызметкерлерінің айтуынша, аудан газбен қамтамасыз етілгелі бері оның құны әр текше метрге 11,20 теңгеден болған. Бұл баға еліміздегі ең арзан көрсеткіш көрінеді. Ай сайынғы төлемақы 17-18 мыңнан аспайтынын алға тартқан. Бұл көмірге қарағанда тиімді, - дейді компания өкілдері.
Бүгінгі таңда Зайсан ауданының 40 пайызға жуық елді мекені газбен қамтамасыз етілген. Ал қаланың өзіне газ берілгелі 5 жылдың көлемі болған.
Ерлен ОСМАНОВ