Көкпардан өтетін республикалық додада ШҚО намысын Ұлан ауданының көкпаршылары қорғайтын болды

777
көрілім

Өскеменде ұлттық спорт түрлерінен өткен облыстық сайыста Ұлан ауданының көкпаршылары топ жарды. Олар Астана қаласындағы «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне жолдама алды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстың чмпионаттың қорытындысы бойынша Ұлан ауданы жеңіске жетсе, екінші орынды Көкпекті, үшінші орынды Тарбағатай командалары еншіледі. Шілде айының 22-23 жұлдызында жеңімпаз командалар мен спортшылар Астана қаласында өткізілетін Шығыс Қазақстанның мәдениет күндерінде елімізде дамып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінен өз шеберліктерін көрсетіп, шырайлы Шығыстың намысын қорғайтын болады.

Айта кетсек, «ЕХРО-2017» көрмесіне көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарымен көпшілікті таң-тамаша етуге ШҚО-дан 60-қа жуық адамнан құралған делегация аттанады.

Еске сала кетейік, аталмыш додаға Тарбағатай, Абай, Ұлан, Көкпекті аудандарынан келген командалар мен Өскемен қаласының спортшылары қатысты. Облыс орталығында бас қосқан қарулы да шыдамды, епті де жігерлі жастар бес командаға бөлініп,  көпшілікті тартысты ойындарымен тәнті етті.