Көкпекті ауданы Көкжыра ауылы тұрғындарының жол сапасына көңілдері толмауда

1017
көрілім

Көкпекті ауданына қарасты Көкжыра деген шағын ауыл бар. Темір тұлпар тізгіндеген тұрғындардың ауылдан шыға бере айтары ойдым-ойдым аяқ сүрінетін жол машақаты. «Ауданымыздың Атымтай жомарттары жолды жөндеп берсе» деген тілектері жуырда орындалғандай.

Көкжыра ауылындағы тұрғындар саны – 736 адам. Ертіс өзенін жағалай орныққан халық балық аунап, көктем шыға егістікпен айналысып күнелтеді. Осы күнге дейін баршасының айтар уәжі ауылға кіреберістегі үш шақырымдық тасжол болатын. Аудан әкімдігінің берген мәліметінде аталмыш жолды жөндеу жұмыстары 10 күн бұрын, яғни шілденің 10-22 аралығында жүргізілді. Көкжыра Құлынжон ауылдық округіне қарайтындықтан, ауданнан бөлінген қаржы алдымен Құлынжон ауылдық әкімшілігіне аударылған көрінеді. Он күннен астам мерзімге созылған жөндеу жұмыстарына 7 млн. 500 мың теңге қаржы жұмсалған көрінеді. Десе де асыр салып қуанған көкжыралықтарды кезіктіру қиынға түсті.

– Қазір тасжол бойымен емін-еркін қатынауға мүмкіндік бар, – дейді Арман Мұхтаров (аты-жөні өзгертілген). – Осыған дейінгі жол жағдайы сын көтермейтіндей еді. Саны көп шұңқырдан қашсаң да құтыла алмайсың. Өзге өңірлерден, қаладан келе жатқан такси жүргізушілері «көлік доңғалағы жарылады» дегенді алға тартып, бұрылмай кететін. Сол күнге қайта оралмасақ игі еді.

Әкімдік бұған дейін аталмыш жолды 2016 жылы жөндеуден өткізген. Ол кезде аудандық бюджеттен 1 млн. 370 мың теңге бөлініпті. Аталған қаражатқа шұңқырларды толтырып қана шектелген. Тасжол бетіндегі шұрық тесіктерге қажетті қоймалжыңды құймау салдарынан бір жыл өтпей жағдайы белгілі болып қалған еді. Одан қалса, көктем келіп жеткенде еріген қар суынан тесіле бастаған жерлер одан ары нашарлай түскен. Тұрғындардың кесіп айтқандары: «орташа жөндеу жұмыстары деп алдаусыратқанша, бір уақыт сапаға мән берсе ғой».

– Есеп беру жиыны кезінде әкімдер «жолды сапалы етіп жөндейміз» деп сан рет айтқан еді. Әзірге ол құрғақ сөз күйінде қалып тұр. Екі-үш жыл сайын жөндеп тұрғанша, шұңқырларға гудрон құйып, сапасына мән берсе, талай жылға шыдас берер еді. Күз келе тұрғындар көмір сатып ала бастайды. Қатты отынды тонналап тиеген жүк көліктері бірнеше қайтара жүргенде сөз жоқ, жол жағдайына айтарлықтай зиян келтіреді, – дейді жеке кәсіпкер Мирас Мамыров (аты-жөні өзгертілген).

Газет редакциясы аудан әкімдігіне осы жылы аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге қанша қаржы бөлінгендігі жөнінде сұраухат жіберген болатын. Көкпекті ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының басшысы Қайрат Джилкишевтың берген жауабы төмендегідей:

«2019 жылы Көкпекті ауылында жалпы ұзындығы 7,6 шақырым 10 көшеге 167 млн. 325 мың теңге қаржыға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде қарастырылған қаржыға сәйкес «Көкпекті жолдары» ЖШС жол жөндеу жұмыстарымен айналысуда.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ