«Бастапқыда ұсақ-түйек бірнеше шұңқыр ғана бар еді. «Оқыстан» оңай сытылып, кейін машақаты көбейетін мәселеге мән бермей жүрдік. Алайда жолдардың қазіргі кесін-келбетіне қарап көлік ходовкаларының әлі талай жыл салдыр-гүлдірден арылмайтындығына көз жеткізгендейміз» деп Көкпекті ауданы, Самар ауылынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз ауылішілік жолдардың талай жылдан бергі жағдайын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Әбден ығырымыз шықты»
Бір кездері он мыңға жуық халқы болған Самар ауылында қазірде тұрғындар саны сирей түскен. Бұл жерде самарлықтардың саны айтарлықтай азайып, азан-қазан болған ауылдың тыныс-тіршілігі тыйылып, тұрғындар тұрмысы тұралады дегеніміз емес. Тек аудандағы іргелі ауылдардың бірі саналатын елді мекеннің кей бағыттардағы кемшін тұсы сөз етіледі. Мәселен Киров көшесінің тұрғыны Мейірбек Сырбаздың (аты-жөндері толықтай өзгертілген) айтуынша, осыдан 10-15 жыл бұрын Самарды қала тектес кент деп те атаған. Ол кездері әрлі-берлі кіріп-шыққан көліктер жолдардың бүтіндігіне қарай ешқайда кідірместен алаңсыз қатынайтын. Ал қазір көше сайын ойдым-ойдым жолдар көлігі барлардан бөлек, самарлықтардың өзін сергелдеңге түсіруде.
– Көктем шықса болды, әуре-сарсаңға түсіп, судың тез арада сіңіп кетуін тілейміз. Көктемде еріген су болсын, нөсер жаңбырдан кейінгі шұңқырға жиналған көлшіктер апталап жатып, оны айналып өтудің қамымен жүремін. Абырой болғанда қазір күпсек қар еріп, жер құрғады. Көше арасындағы жолдарға да бір сәт көңіл аударылса ғой, – дейді Қазақстан көшесінің тұрғыны Алма Райфова.
Қазір Самар ауылындағы тұрғындар саны – 6466 адам. Аңғарғанымыздай, халық саны анау айтқандай сиремеген. Облыс орталығына бет алған көлігі барлар осы ауылды басып өтеді. Асығыс жүргізушілер ауыл ішін араламай сыртқы жолмен де жүріп жатады. Ал жолай дүкенге соғамын деушілер ең алдымен Советская, Киров көшелерімен жол тартады. Тәжірибесі толысқан жүргізушілер біршама шұңқырды айналып өткендерімен, таңсық ауылдың тасжолынан бейхабар жандар ойдым жерлерді аңдамай, ағып өте шығады. Олар тұрмақ, күнделікті қатынап жүрген самарлықтар да әбден ығыр болған.
– «Ауылішілік жолдарға қыруар қаржы бөлінді» дегенді үнемі естиміз. Дегенмен соның лебі бізге жетпей отырған сыңайлы. Осы ауылдың тұрғыны ретінде айтарым, Советская көшесі жолдарының шұрық тесік болып жатқанына алты жылдай болды. Соңғы бір-екі жылда көлік доңғалағы жарылып, ауыл ішінде-ақ жолда қалған кездерде орын алды, – дейді Тоқтар Қуатбек.
Қомақты қаржы бөлінді
Ал әкімдіктегілер не дейді? Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдиннің айтуынша, Самар ауылындағы Букетова көлденең көшесі, Новоселов, Б.Момышұлы және Советская көшелері 2017 жылы жөндеуден өткен. Нақтырақ айтсақ, құм-гравий қоспасы төгіліп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Өкініштісі сол, қазіргі уақытта сол жөндеудің ізі де қалмаған. Тұрғындар тым құрығанда Советская көшесіндегі шұңқырлар жабылса дейді. Себебі темір тұлпар тізгіндегендердің көбі осы көшемен жүреді. Жауапты тұлғалардың сөзінше, аталған көше жолын жөндеуге қаржы бөлінеді, тек оған дейін тағы бір жұмыстың тәмамдалуын күтіп отырған көрінеді.
– Советская көшесін жөндеуге қаражат бөлу «Самар су жүйесі желісін реконструкциялау» құрылыс жұмыстары аяқталған соң қарастырылады. Жалпы Самар ауылының көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 23 млн 500 мың теңге қаржы бөлінді, – дейді Дәурен Қойгелдин.
Демек, берілген жауапқа қарап осы жылы бір қимыл-қозғалыстың боларына көз жеткіздік. Тұрғындардың сөзінше, Советская, Киров көшелерінен бөлек, Горохов көшесіндегі жол сапасы да сын көтермейді. Хош. Сәті түсіп, аудан әкімдігі самарлықтардың өтінішіне құлақ асса, қуанарлық жағдай болар еді.
Өкінішке қарай, осы жылы өзге ауылдық маңызы бар жолдарды жөндеуге қаржы бөлу қарастырылмаған. Бәлкім, аталмыш жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла жатар. Әйтсе де Самар ауылының жолдарын жөндеу үшін бөлінген қаржы мөлшеріне көз жүгіртсек, қомақты көрінді. Өткен жылы Мәдениет үйінің алдында бой көтерген ұлы Абайдың ескерткіші талай тұрғынның мерейін асырған еді. Ендігі кезекті басты көшелер жөндеу көріп, неше жылғы машақаттың кетеуі кетсе дейміз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ