Түн түңлігін түре түсті. Шілденің шіліңгірі болса да, шелектеп төгіп тұрған жаңбырдан аптап ыстықтың ауылы алыстаған. Кейіпкеріміз көлікпен ағып келеді. Оқыс бұрылыстарда жылдамдықты тежеп, жазықта емін-еркін жүйткиді. Қаннен-қаперсіз. Бір қауіптің боларын алдын ала ескерткендей аспанды қарабауыр бұлттар бүркей жауып, емін-еркін жайлап алған. Темір тұлпардың терезесін тарс-тұрс ұрғылап, тоқтаусыз жаңбыр әлі жауып тұр. Шынар Тоқтарбекқызының санасы сергек. Көлік тізгінінде келе жатқан нәзік жанды шілденің 25-і күні болған жайттан соң құқық қорғау қызметкерлерінің жарты жыл көлемінде тоқтаусыз тергеу жүргізіп, қайғылы жайтқа қатысы бар деп бақылауға алатындықтарын еш аңдамаған еді.
Жаңбыр жауған түн
Иә, қазір қауіп бұлты сейілген. Сараптама қорытындысында самарлық тұрғынның кінәсіздігі дәлелденіп, 22 жастағы жігіттің өліміне қатысты басқа күдіктілердің анықталғандығы жөнінде мәлімет жетті. Осы ретте шиеленісті, адам тағдыры таразыға түсіп, Көкпекті ауданы тұрғындарының белгілі бір уақытта таласа талқылаған тақырыбына айналған жайттың анық-қанығына ой жүгіртіп, кейіпкер көзімен ұсынуды жөн көрдік. Өткен жылы шілде айының 25-і күні Көкпекті-Васильев өткелі аралығындағы «Самар-Сарыбел» учаскесінде белгісіз біреудің 22 жастағы жігітті қағып өтіп, зардап шегушінің оқиға орнында тіл тартпай кеткендігі жөнінде ресми ақпарат өңір көлемінде әп-сәтте тарады. Кейін анықталды, 39 жастағы Самар ауылының тұрғыны екен. Әйел адам. ШҚО Полиция департаменті таратқан ресми мәліметте осылай көрсетілді. Дегенмен күдікті болған адамның жасы 39 емес, сол кезде 49-да болатын. Бұл алғашқы жаңсақ мәлімет. Қош, бұдан маңыздысы бар. Бұқаралық ақпарат құралдарында шыға бастаған қысқаша ақпардан соң жұрт аузында сыңаржақ пікір қалыптаса бастады. «А-а-а осы кісі ме, адам қаққан? Қап-ай, жол бойындағы адамды байқамағаны қалай?» деген сипаттағы салқын лебіздер біртіндеп Самар ауылы тұрғынының ығыры мен дығырын шығара бастайды.
– Түнгі сағат 23:00 кезінде, бәлкім одан кете, Сарыбел ауылы маңындағы демалыс базасынан шығып келе жаттым. Көлік жүргізіп жүргеніме сегіз жылға жуықтады. Ащы су ұрттап алып рөлге отырған күнім болған жоқ. Асыра айтқаным емес, көлік жүргізуде айтарлықтай тәжірибеміз бар. Сол кезде көрер көзге ешнәрсе байқалмады. Қалың жаңбыр салдарынан тасжол бойында сел жүре бастады, – деді Шынар Ақбидаева.
Renoult Sandero көлігі бағытынан ауытқымаған. Біршама жол учаскесін еңсеріп үлгерді. Тасжолда бейсауат жатқан ешнәрсе байқалмапты. Тұрғынның сөзінше, қайғылы жағдай құжаттарда түнгі сағат 1:00-де болған деп көрсетілген.
«Ата-анасымен аралас-құралас едім»
Сонымен, толассыз жаңбыр тоқтаусыз жауған түнде көңілінде кесел ойлар қылаң бермеген Шынар Тоқтарбекқызы көлігін ауласына қаңтарып, қарбаласпен өткен күннен соң тынығудың қамымен үйіне беттеген. Отағасына таңертең облыс орталығына барып, жеміс-жидек, көкөніс... қысқасы, тауар әкелу керек. Беймаза түн таңға ұласып, самарлықтар әдепкі тірліктерін әлдеқашан бастап кеткен. Кенет кейіпкеріміз «самарлық жігітті көлік қағып кетіпті» деген суыт хабарды естиді.
– Оның анасын жақсы танимын, сіңілісімен, ағасымен кездесе қалғанда хал-жағдай сұрасып, өзара қауқылдасып қалатынбыз, – деді жерлесіміз сөзін жалғап. – Сөйтіп әкімдікте істейтін көршімнен осы бір жайсыз хабарды нақтылап көрмек болдым. Еміс-еміс естіпті ол, жалпысында бейхабар екен. Сенбінің сәске түсінде ойым сан-саққа кете бастады. Бір есептен, жол бойындағы адамды қағып кетіп, таныс адамнан «қайтыс болғаны рас па?» деп түк білмегенсіп сұраудың өзі ерсі еді.
Түстен кейін үйіне барса Тәңірі бұйыртып бір күнде өмірге келген қос құлыншағы Айбар мен Айананың көңілдері алабұртып, алаңдап тұрғандарын байқайды. «Мама, Әлімжан (кейіпкердің аты-жөні өзгертілген) қайтыс болыпты ғой, барасыз ба?» деген соң Шынар Тоқтарбекқызы балаларын ертіп алып, жұбату сөзін айтуды жөн көреді. Кірген бетте бақилық болған азаматтың ата-анасы, туыс-туғандары бауыр еті баласын жоқтап, жан-жақтан зарланып, көз жастарына ерік беруде. Әлімжанды жер қойнына тапсырған күн болатын. Іле осы аймақтағы құқық қорғау органы бастығының орынбасары кіріп келгенде «Айдос, (аты-жөні өзгертілген) не болып жатыр, қандай да бір айғақтар бар ма?» деп те сұраған еді. Осының бәрі көлгірсіп, арзан абырой жинау үшін айтылған сөз емес-тұғын. Себебі Шынар Ақбидаева шынымен де бейхабар еді барлығынан.
Темір тұлпарын тінте бастады
Елең-алаңмен өткен екі тәуліктен соң шілденің 27-сі күні жергілікті тәртіп сақшылары іске білек сыбана кірісті.
– Көлігімнің дөңгелегін ауыстырайын деп ауылдағы техникалық байқау станциясына (әрі қарай ТБС) барғанымда телефоным шылдырлады – дейді Шынар Тоқтарбекқызы. Манағы бастықтың орынбасары екен: «Сәлеметсіз бе, қалыңыз қалай? Сіз қайдасыз?» деп. – Кейде тасжол бойындағы ТБС-қа баратынмын. Әрі-бері жүргенімді көріп, қашқалақтап жүрген болар деп ойлаған сыңайлы. Сәлден соң қайта хабарласты. Тұтқаны көтеріп «Иә тыныштық па?» деп едім, олар да «Бәрі дұрыс» деп қысқа қайырды. Менімен жолыға алмай жүр.
Төрт дөңгелегін ауыстырып болған соң жақын жердегі ТБС-қа келіп, кейіпкеріміздің Renoult Sandero-сын әй-шайға қарамай тінте түскен. Өңі шиедей қызыл көлік. Тағы бір қайтара қойылған «Не болып қалды?» деген сауалға «Көлігіңіздің фрагменті камераға түсіп қалыпты» деп жауап қатыпты. Көп ұзамай Өскеменнен тиісті мамандар келіп, көлікке бастан аяқ тексеріс жүргізілетіндігін ескерткен. Сақшылардың алға тартқан сөзі «Ауданымызда Renoult Sandero мен Reno Duster» маркалы жеті көлік бар, тексеру тұрғысынан сіз үшінші адамсыз» деген сипатта.
– Айтқан сөздерінен шындықтың лебі сезілмеді. Аз уақыттан соң жүрегім қобалжып, көңілді үрей билей бастады. «Алаңдайтын дәнеңесі жоқ, аузын ашса жүрегі көрінетін жансың ғой» деп сенім білдіре бастағандар да болды. Қайдағы фрагмент сонда? Оқиғаның байыбына бара алар емеспін, – дейді жанын жегідей жеген ойға батқан жерлесіміз.
Сыртынан сөз тасығандар да болды
Бәлкім, фрагмент дегенде Renault Sandero-ның төменгі тұсында жерге түсіңкіреп тұрған бөлігін меңзеген болар. Дегенмен Шынар Тоқтарбекқызы бұл жағынан бапандай еді. Тазалық пен жинақылық көлігінде де қатаң ескерілетін. Босап қалған бөлігі оған дейін, көлікті артқа шегіндіру кезінде байқалған. Өзі пластмасса болса керек. Сол түсіп қалыпты. «Жазықсыз» пластмасса дереу облыс орталығына жіберілді.
– Жүзі таныс тәртіп сақшысы жұмыста отырғанымда бір қарбыз сатып алды. Келесі күні қайта келді. «Апай, қарбызыңыздың дәмі тіл үйіреді» дегені бар. Біртіндеп сезіктене бастаса керек. Сол күні тергеп-тексеру амалдары екі сағатқа созылды. Полицейлер бірінен соң бірі келіп, соңында іліп алар айғақ таппады. Сол тергеу бес ай 10 күнге жалғасты, – деді кейіпкер.
Басқасы басқа, осыдан соң бұрынғы аудан орталығы тұрғындарының біршамасы 22 жастағы жігітті қағып өлтірген Шынар Ақбидаева деп шын секемдене бастады. Жазғытұрым күніне қаншама адам дүңгіршегіне бас сұғып, көкөніс, жеміс-жидегін алады. Сондағы суыт жүріспен кіріп-шыққандардың сыбырласып, сырттай сыпсың сөздер айтуы мәселенің анық-қанығынан беймәлім самарлықтың сағын сындыра түсті. Ол аздай жергілікті құқық қорғау қызметкерлері демалыс базасында тынығып жатқан Айбар мен Айананы түн ортасында өздерімен алып кетіп, Самардағы үйіне жеткізген. Олар кәмелет жасына да толмаған еді. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, сақшылар істі тезірек ашу үшін барлық айла-шарғыларын іске қосқан болулары керек. Ақыр соңында араға ай салып, бауыр еті балаларының өздері анасына қарсы түсініктеме беруге шақыртылады. Екеуі де жауапты қысқа қайырған: «Анамызға қарсы түсініктеме бермейміз!».
Елең еткізген эксгумация
Кейіпкеріміз әлі ой иірімінде. Болып жатқан шым-шытырық жайттан екі көзі шүңірейіп, қабарған қабағына мұң ұялай түсті. Әбден қыспаққа алынды. Бұл уақытта Әлімжанның бақиға аттануына себепші деп секем тудырған Renoult Sandero заттай айғақ ретінде иесінен алынып, полицейлердің құзыретіне өткен. Иә, мұның барлығы кейіпкер көзқарасымен жазылған дүние еді. Кейін оның кінәсіздігін анықтайтын сарапшылар қорытындысы да шыққан болатын. Осы ретте ҚР Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы РМҚК сот сараптамалары институтының ШҚО бойынша филиалы өкілдерінің ресми мәліметін ұсынбақпыз.
– Нұртаев Әлімжанның өлімі жедел постгеморрагиялық анемияның дамуымен қиындаған аорта іш қуысы қабырғасы аневризмасының жарылуы нәтижесінде ішкі қан кетуден болды. Мәйіт сараптамасы кезінде маңдай тұсы қанталап, бет сүйегі тұсына жарақат түскен. Бұғаналық ортаңғы сызық бойымен оң жақ қабырғаның сынуы, иек, ұрт, төменгі еріннің көгеруі, желке тұсындағы жұмсақ тіндердегі қан кету тіркелді, – делінген маман сараптамасында.
Сайып келгенде, Әлімжан Арманұлының жол бойында ажал құшуы жеңіл автокөлік қағуының мынадай жағдайларына қарай болуы мүмкін еді: автомобиль шанағының төмен тұсы адамның оң жақ кеудесінің көкірек қуысынан қаққан және қозғалыстағы немесе жол жабынымен сырғып келе жатқан көліктің қағуы салдарынан дене шетке қарай серпілген. Ресми мәліметте осылай жазылды. Яғни қайтыс болған жігітті жол-көлік оқиғасына дейін әлдекімдер өлімші етіп сабаған. Кімдер? Сол күні Әлімжан Нұртаев кімдермен болды? Ал сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізілген. Бұдан соң мәйітті қайта қазып, эксгумация жасалады. Әлбетте, жантүршігерлік жайт. Дегенмен мұндай сәтте де Шынар Тоқтарбекқызының темір тұлпарымен оқыс әрекетке барғандығы хақында еш айғақ табылмады.
– Зардап шегушінің белден төмен тұсында көлік соққысының, нақты айтсақ, бампер, фара, автомобиль капотының алдыңғы тұсымен қаққан із жоқ. Мәйт сараптамасының нәтижесінде қозғалыстағы көлік екпінінен келген жарақат анықталмады, – деді сарапшылар.
«Сен емессің, сен емессің»
Демек, қастандық жалаң қолмен келтірілген. Шындық жарты жылға жуық шырғалаңға түсті. Әйтеуір іс сотқа дейін жетпеді. Жергілікті тәртіп сақшыларының сылбырлығы деп түсінген жөн болар, жиырманың екеуін толтырған жігіттің өліміне қатысы барлар әлі табылмады. Бұған қатысты ШҚО Полиция департаментінің басшылығы не дейді?
– 2020 жылғы 25-ші шілдеде Көкпекті-Васильев өткелі аралығындағы «Самар-Сарыбел» учаскесінде болған жол апаты оқағасына сәйкес күдікті анықталып, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов.
Шынар Ақбидаеваға Жаратқан ие қайғылы жағдайдан үш күн өткен соң аян берген. «Сен емессің, сен емессің. Оның есімі Ерлан, Ерлан» деп жастығына жастана жатқан Құран кітабының әсері болуы керек, азанда оянғанда сұп-сұр болып сұры қашып кеткен. Құмалақшылар қауымы бақилық болған Батиханның өліміне кінәлі алты жарым айдан соң табылады деп сендірді. Шым-шытырық қайта шиеленісе түскендей. Дегенмен қиындық қамыты шешіліп, «өлтірген осы» деген үстірт шешімнің күші жойылып, жазықсыздығы дәлелденді самарлық азаматшаның. Айбар мен Айанаға да оңай болмағаны хақ. Дегенмен туыс-туғандары, арқасүйер азаматы Жақсылықтың, анасы Сақып пен енесі Камал апайлардың демеуі кейіпкердің сенімін желкен етуіне себепші болған.
Жұмбақ жайт… жаңбырлы түнде жиырмадан асқан жігіттің жарық дүниемен қоштасуына кім кінәлі сонда?
Әділхан ЕСІМХАНОВ,
фотосурет автордікі