Көкпекті ауданының прокуратурасы аудан әкімінің аппаратында азаматтардың арыздарымен жұмыстың жай-күйіне талдау жүргізу барысында ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау тәртібі туралы» Заңының және жеке және заңды тұлғалардың арыздарын есепке алу Ережелерінің бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, аппарат қызметкерлері арыздарды лайықты тіркемей, статистикалық есепті дұрыс құрастырмаған. Сонымен бірге, өтініштерді қарау мерзімдерін бұзып, азаматтарға қабылдаған шешімдерді даулау құқығы туралы түсіндірмеген. Сондай-ақ, арыздың жауабын берілген тілде қайтармаған.
Талдау нәтижелері бойынша аудан әкімдігіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыным енгізілді. Прокурорлық ықпал ету шараларымен 7 лауазымды тұлға, оның ішінде, үш дербес бөлім басшысы мен үш ауылдық округ әкімдері тәртіптік жауаптылыққа тартылды.