Көкпекті ауданында екі көлік соқтығысып, 4 адам көз жұмған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы 16 қаңтар күні сағат 16.00-де Көкпекті-Қалбатау тасжолының 20 шақырымында орын алған.
- «Тойота Хайландер» және «ВАЗ 21122» маркалы екі автокөлік соқтығысқан. Салдарынан «ВАЗ 21122» көлігінің жүргізушісі мен 3 жолаушысы сол жерде тіл тартпай кетті. Осы көлікте аман қалған 1 адам және «Тойота Хайландер» көлігінің жүргізушісі мен кәмелеттік жасқа толмаған 2 бала ауруханаға жеткізілді, – дейді ШҚО Полиция департаменті басшысының орынбасары Елдос Закимов.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтауда.