Облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Көкпекті ауданына барып, аудан орталығында тұратын көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жас дәрігерлерге 13 пәтердің кілтін табыстады деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жүздерінен күлкі ескен ауыл тұрғындарының бұл күні көңілдері шат. Көптен бері армандаған баспана, бүгін міне көмекке мұқтаж жандардың бастарына бақ болып қонды.
- Облыс әкімі Даниал Ахметовке алғысымыз шексіз. Көп балалы отбасылырды бір сәт назардан тыс қалдырмады. Соның арқасында қазір үйде балаларым асыр салып ойнап жүр, - дейді Альфия Гусеинова.
Айта кетейік, Альфия Гусеинова бүгінде төрт баланың анасы, өзі мектепте физика пәнінен сабақ береді. Оның айтуынша, қазіргі тұрып жатқан үйін өзі таңдапты. Көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын басты назарда ұстаған аймақ басшысы Альфияның отбасысына үлкен теледидар, екі смартфон және балаларына ойыншықтар сыйға тартты.
- Облысымыздағы көпбалалы отбасылар біздің назардан тыс қалмайды. Барлығын өзім бақылап отырамын. Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар коллеждерде тегін білім ала алады. Сонымен қоса мектептер мен балабақшаларда да жеңілдіктер қарастырылған, - дейді Даниал Ахметов.
Таунар ҚАЙРАТ