Соңғы күндері көптің назары Көкпектіге қарай ауған. Себебі мұнда «Толағай сұлтаны-2019» халықаралық спорттық-шығармашылық сайысы дүркіреп өтті. Дүбірлі доданы облыстық және аудандық әкімдік пен ШҚО Ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы тізе қосып ұйымдастырған.
Жыл сайын облыс көлемінде өтетін сайыс биыл халықаралық деңгейге көтерілді. Жарыста еліміздің әр облысынан келген қатысушылардан бөлек, Моңғолия мемлекетінен білекті де білімді әрі өнерлі жігіттер бақ сынасты. Өзінің мықтылығын дәлелдеуге ұмтылған сайдың тасындай сабаздардың жалпы саны 23.
Екі күн жалғасқан додада қатысушылар жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, қол күрес, өзін таныстыру, өнер, сұрақ-жауап сынды 8 түрлі бәсекеден өтті. Алғашқы күні спорттық сайыста білек күші сыналса, екінші күні спортшылардың білімі мен ой өрісі сынға түсіп, өнерлерін ортаға салды.
Өнері мен білімі, бұла күші мен ептілігі елден асқан жігіттер шығыс жұртын спорттық сайыстың қызығына батырып, Көкпекті ауданының аспанын әнмен жырға бөледі.
Осы сайыста Түркістан облысының намысын Созақ ауданының тумасы Әкбар Елубайұлы қорғады. Нағыз жігіттің қасиеті сыналар сайыста қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан Әкбар Елубайұлы қазақ күресінен бірінші орын алды. Дүбірлі додада 120 келілік тайыншаны 20 рет көтеріп, жиылған жұртты тәнті етті.
Толағай сұлтаны-2019» халықаралық спорттық-шығармашылық сайысының қорытындысы бойынша бас жүлдені Абай ауданынан келген Айдос Үркімбаев иеленді. Оған су жаңа «Гранта» автокөлігі табыс етілді. Ал бірінші орын алған Әкбар Елубайұлына 1 млн теңге берілді.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ