Көкпекті ауданында Уақ Бармақ батырдың бейітіне құлпытас орнатылады

1080
көрілім
Фотосурет - inform.kz сайтынан.

Көкпекті ауданында Уақ Бармақ батырды ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында ауқымды шара өтеді. Шара аясында батырдың басына құлпытас орнатылмақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Көкпекті ауданындағы жергілікті «Жұлдыз» және «Новая жизнь» газетінің директоры Дархан Бердікбектің хабарлауынша, батыр бабаны еске алу шарасы Көкпекті ауданында 16-17 қыркүйек күндері ұйымдастырылады. Бұқаралық іс-шаралар легі «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бармақ батыр бейітінің басына құлпытас орнатумен басталады.

«Екі күнге созылатын шаралар аясында аудан орталығына тарихи тұлғаның кеудемүсіні орнатылып, аламан бәйге өтеді, ас беріледі.

«Уақ Бармақ батыр — тағылым және рухани жаңғыру» атты ғылыми конференция жұмысына елімізге танымал тарихшылар мен шежірешілер қатысады», — деп хабарлады Дархан Бердібек.

Бармақ батыр — ХҮІІІ ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы жанқиярлықпен күрескен сансыз қазақ батырларының алдыңғы қатарындағы уақтың Еренші руынан шыққан аруақты ер, даңқты қолбасшы. 1723-1758 жылы Еділ-Жайыққа батыстан шабуылдаған қалмақ шапқыншылығына, Маңғыстауды басып алған түрікпендерге, шығыстан баса көктеп қазақ жеріне ішкерілей енген жоңғар басқыншыларына қарсы күрестерде Кіші жүз жасағына Балта, Бөгенбай батырлармен бірге қолбасшылық еткен тұлға.

Тарбағатай өңірін жоңғарлардан қайтып алған 80 күнге созылған «Шорға» шайқастары кездерінде, осы ұрыстардың куәсі болған найман Кәрібай ақынның жырында Бармақ «Уәлі әулие, көріпкел шарапатты да батыр» деп суреттеледі.