Көкпекті ауданындағы 416 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл жөнінде облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
«Бірінші мамырдағы жағдайға сүйенсек, АӘК құрамында 2032 мүшесі бар 416 отбасына тағайындалған. Олардың 266-сы азқамтылған отбасы болса, 150-і азқамтылған әрі көпбалалы отбасылар. Төлемақылардың жалпы сомасы 68.6 миллион теңгені құрады. Ал мамыр айына 34,6 миллион теңге қарастырылған. Ауданда жұмыспен қамту бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығымен және азаматтардың хал актілерін жазу бөлімімен біріктірілген. Онда бар болғаны 9 ғана адам жұмыс істейді. Бөлім 29 қызмет түрін көрсетсе, оның 10 АХАЖ бөлімінің қызметі.Біздің бөлім қызметкерлерінің жұмысы ауыр. Жұмыспен қамту саласы қызметкерлері қосымша артылған жұмыс салдарынан өз міндеттерін дұрыс атқара алмай жатады. Бұлай болмауы тиіс. Жұмыспен қамту бөлімі жеке мекеме болуы қажет», - деді Ерболат Ошақбаев.
Ол бөлім қызметкерлеріне негізгі назарды тұрғындарды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту мәселесіне аударуды тапсырды.
Естеріңізде салсақ, біз бұған дейін өңірде жыл соңына қарай атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 55 мың адамға жетуі мүмкін екені жайында хабарлаған болатынбыз. Бүгінде облыста мұндай төлемақы жасауға 7,1 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылса, оның 718,6 миллионы жергілікті бюджеттен, ал 6,4 миллиард теңгесі республика қоржынынан бөлінген екен. Өңір билігі биылғы жылдың соңына дейін атаулы әлеуметтік көмекпен 46 мың адамды қамтуды көздегенімен, соңғы екі айда олардың саны межелі саннан асып түсіп 49,5 мың адамға жеткен. Сондықтан облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қосымша қаражат бөлу жөнінде тапсырыс жолдады.