Ауылдарды аралаған іссапары барысында Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаилов қолға алынып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталды.
Айтуынша, жуық арада Самар ауылында аз-кем жұмыстар іске асырылмақ.
– Алдағы уақытта ауылдың кіреберіс жолына арка орнатылады. Ауыл әкімімен ақылдаса келе оған арнайы орын белгіледік. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Самар ауылының орталығында бой көтерген Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылған саябақты көркейту мақсатында тиісті жұмыстар басталып кетті, – деді Асхат Сайдахметұлы.
Сондай-ақ аудан басшысы Мәдениет үйінің айналасындағы абаттандыру жұмыстары өз деңгейінде атқарылуы үшін ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, жаздың қолайлы уақытында аяқтауды талап етті.