Тассай ауылының оқушыларына зертханалық жұмыстарға арналған кешен тарту етілді. Бұл игі істі бастаған белгілі ғалым Адамбек Татенов, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Зертхананың ерекшелігі – химия, физика, биология саласына қатысты тәжірибе жұмыстарын барынша қауіпсіз жағдайда компьютерлерді қолдану арқылы ғана жасау. Мұндай кешен республикадан бөлек, кей шекаралас мемлекеттерде де жоқ екен.
– Біз жылдар бойы материалдық базаны толықтырдық. Оқушы өзі тәжірибе жасайды. Мысалы физика ғылымының барлық салаларында оқушының түсінуіне қиын тақырыптар бар. Бірақ балалар интерактивті әдіспен барлығын бақылағанда оқу түсінікті әрі қызықты болады. Бұл марапат пен мақтаулардан да артық, – дейді Адамбек Татенов.
Ғалымның сөзінше, мұғалімдер шәкірттерінің екі жарым айға жоспарланған тақырыптарын бір аптада меңгеріп алып жатқанын айтуда.
Балаларға қоса, ұстаздарға да үлкен көмек. Оқытушылар сабақты мәнді, ерекше қылып өткізуде. Бастысы – оқушылардың нағыз ғылым жолын сезінулері дегенді алға тартты ғалым.