Көкпектілік іскер әйел Людмила Ким ШҚО Кәсіпкерлер Палатасына арызданып келді. Оның айтуынша, Миролюбовка ауылдық округінің әкімі оны инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымнан жазбаша түрде бас тартуға мәжбүрлеген. Мәселенің анық-қанығын анықтау үшін Көкпекті ауданының әкімдігіне сұраухат жолдап көрдік. Редакциямызға ресми жауап берген аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Теміржанов кәсіпкерге ешқандай қысым көрсетілмегендігін алға тартты.
«Мәжбүрлемек болды!»
«Коре Сарам» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Людмила Ким оған Миролюбовка ауылдық округінің әкімі келіп әңгімеге тартқанын айтты. Қасына тағы бір мемлекеттік қызметкерді ертіп алған ол, жеке кәсіпкердің ісіне қол сұққан көрінеді.
– 16 наурыз күні сағат 10.00 шамасында үйімнің есігін Миролюбовка ауылдық округінің әкімі мен жастар ісінің бас маманы қақты, – дейді кәсіпкер әйел, – Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымнан жазбаша түрде бас тартуды талап еткен шенеуніктер айқай-шу шығарып, ауланы басына көтерді. Екеуі өз сөздерінде «сіз несие төлеп отырған жоқсыз. Сондықтан аудан әкімі бәрібір де ИКИ-ға қажетті қаражатты бөлгізбейді» дегенді айтты. Тіпті күтпеген «қонақтар» маған түйеден түскендей «бұл ауылдан кет» деп бұйырды.
Людмила Ким Шығыс Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер Палатасына барып, бұл жағдайдың мән-жайын хабардар еткен. Өңір кәсіпкерлерінің құқығын қорғауды мақсат тұтқан мемлекеттік мекеме көкпектілік азаматшаның наразылығын бей-жай қалдырған жоқ. ШҚО КП Көкпекті аудандық филиалының директоры Әлия Мұқашева аудан әкімі Рамиль Сағандықовтан бұл түйткілдің түйінін тарқатуды сұрады. Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметкердің әдебінен аттаған екі азаматқа ешқандай шара қолданылмаса, тиісті органдарға жүгінетіндігін кесіп айтты.
– Әкімдіктегілердің талабы заңсыз, ешқандай қисынға келмейді. Бұл дегеніміз қызмет бабын асыра пайдалану деген сөз! Шенеуніктер өз әрекеттерімен ауылды жерлердегі бизнестің дамуына кедергі келтіруде. «Коре Сарам» ӘКК көкөніс өсірумен айналысады. Олардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге қажетті өтінішін облыстық комиссия мақұлдап қойған. Кәсіпкер электр энергиясын тартқызудан бас тарта алмайды. Себебі онсыз дұрыс өнім болмайды, – дейді Әлия Мұқашева.
Облыстық Кәсіпкерлер Палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда Көкпекті ауданында ИКИ бұдан бөлек тағы 8 жобаға қажет. Қазірде оның тек біреуі ғана мақұлданған. Кәсіп иелеріне жобалық-сметалық құжаттама рәсімдеу де тым қымбатқа түсіп тұрған көрінеді. Айта кету керек, аталмыш ауданның іскер азаматтары шенеуніктердің атына бірінші рет шағымданып тұрған жоқ. Өткен жылы жол жөндеу ұйымдары маңдай термен тапқан ақшаларын ала алмай әуре-сарсаңға түскен еді.
Әкімдіктегілер не дейді?
Мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін Көкпекті ауданының әкімдігіне сұраухат жолдадық. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Теміржанов кәсіпкерге қысым көрсетілгендігін жоққа шығарды.
– Кәсіпкер Дмитрий Хон көкөніс өсіру жоспары бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға өтініш берген болатын. Алайда ол азамат келіссөз жүргізуден бас тартқандықтан, Миролюбовка ауылдық округінің әкімі ИКИ-ға қажетті жоба-сметалық құжаттама жайлы Лира Кимге ауызша түсіндірді. Әкім оны жазбаша түрде бас тартуға мәжбүрлеген емес. Сондай-ақ, жасалған ресми тексеру шаралары нәтижесінде ауылдық округ әкімінің іс-әрекетінде мемлекеттік қызметші ретінде заң мен әдеп жөніндегі кодекстің бұзылғаны анықталмады, – дейді Марат Қапарұлы.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2018 жылы Көкпекті ауданында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны 1 865 бірлікті құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,1%-ға артық.
– Шағын және орта бизнестің дамуы аудан экономикасының қарыштауына оң септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді Марат Теміржанов, – Бүгінгі таңда ауданда 881 шағын кәсіпорын жұмыс істеуде. Оның ішінде азық-түлік дүкендері, наубайханалар, дәріханалар, жанармай құю станциялары мен сауда базарлары бар. 2017 жылы жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мақсатында «Көкпекті-Несие НК» ЖШС-мен 658 млн теңге несие берілген. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 359,5 млн теңгеге 9 жоба қаржыландырылды. Бұл жұмыстар биылғы жылы да өз жалғасын тауып отыр. 1 наурыздағы жағдай бойынша 98 млн теңгеге 2 жоба мақұлданған.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ